«Ақшаны қайтармаймыз»: Канье Уэстің жанкүйерлері билетке төлеген қаржысын талап етіп жатыр

Ulysmedia
Ulysmedia.kz коллажы

Канье Уэстің Алматыда 14 тамыз кешінде өтуі тиіс болған концерті ауа райының қолайсыздығына байланысты келесі күнге ауыстырылды. Кейін әлеуметтік желілерде тыңдармандардың шағымы көбейді: олардың бір бөлігі Алматыға арнайы осы концерт үшін келген, ал 15 тамызда іс-шараға қатыса алмайды. Желі қолданушыларының айтуынша, билет ақшасын қайтару да мүмкін болмай отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жайы

Threads қолданушыларының бірі 14 тамызда Алматыға келуінің жалғыз себебі осы концерт болғанын жазды. Келесі күні ол ұшып кетуі керек, сондықтан кейінге шегерілген концертке баруға мүмкіндігі жоқ.

Оның айтуынша, Ticketon қолдау қызметі билет ақшасын қайтару мүмкін емес екенін айтып, билетті өз бетінше қайта сатуға кеңес берген.

Концерт кейінге шегерілгеннен кейін әлеуметтік желілерде билет сататыны туралы хабарландырулар шынымен көбейді. Кейбіреулер 15 тамыздағы концертке бара алмайтындықтан, билетін бастапқы бағасынан арзанырақ сатуға дайын.

«Қайтарылмайтын билет» деген талап шынымен күшінде қала ма?

Ticketon-ның жария офертасындағы концерт билеттері қайтарылмайтыны туралы талап та қызу талқыға түсті. Қолданушылар шараның күнін ұйымдастырушының өзі өзгерткен жағдайда бұл талаптың заңды күші бар ма деген мәселені көтерді.

Пікірталасқа қатысушылардың бірі адамның қызметті дәл 14 тамызға сатып алғанын, ал концерт кейінге шегерілген соң бастапқы шарттардың өзгергенін атап өтті.

Бұл, әсіресе, басқа қаладан немесе елден арнайы ұшып келген, қонақүй мен кері қайту билетін алдын ала төлеген және Алматыда тағы бір күн қала алмайтын адамдар үшін маңызды.

Ол келісімшарттағы талаптар заңда көзделген тұтынушы құқықтарын автомат түрде жоққа шығара алмайтынын еске салды.

– Мысалы, 2026 жылы сот тұтынушыға концерт билетінің толық құнын – шамамен 377 мың теңгені қайтаруды міндеттеді. Орындаушы 30 пайызын ұстап қалуға тырысқан, бірақ мұны негіздейтін шығындарды дәлелдей алмады. Яғни келісімшартта белгілі бір талаптың жазылуы оның бизнес үшін міндетті түрде күшіне енетінін білдірмейді. Меніңше, Канье концертіне қатысты жағдайдан шығатын басты бизнес-сабақ осы, – деп жазды Айжан Әбдет.

Материал жарияланған сәтте ұйымдастырушылар мен Ticketon жаппай түскен шағымдар мен билет ақшасын қайтару мәселесіне қатысты ресми пікір білдірмеген.

Концерт кейінге шегерілетіні басталар алдында ғана айтылды

Орталық стадионда өтетін концерт 14 тамызда сағат 21:00-де басталуы керек еді.

Алматыда күндіз ауқымды блэкаут болғанына қарамастан, First Media Group ұйымдастырушылары бұған дейін концерт өтетінін мәлімдеген.

Кешке қарай қалада электр жарығы біртіндеп қалпына келе бастады. Алайда көп ұзамай нөсер жаңбыр, қатты жел мен найзағай басталды.

Оқиға орнынан тараған кадрларға қарағанда, жел стадион ортасындағы үлкен шар тәрізді құрылымды шайқап, оның кей бөлігін орнынан қозғаған. Бұл нысан концерт шоуының негізгі элементтерінің бірі болуға тиіс еді.

Фото: Ulysmedia

Осы кезде мыңдаған көрермен стадионға кіріп үлгерген. Концерттің кейінге шегерілетіні оларға басталуына аз ғана уақыт қалғанда хабарланды.

Канье концерттің кейінге шегерілгенін растады

Кейін Ye X әлеуметтік желісіндегі парақшасында концерттің 15 тамызға ауыстырылғанын жазды.

– Ауа райына байланысты бүгінгі концерт ертеңге ауыстырылады. Денсаулық пен қауіпсіздік – біз үшін басты орында. Ертең кездескенше, – деп жазды әртіс.

Сатып алынған билеттер жаңа күнге де жарамды.

Стадиондағы хабарландыру да қазақстандықтардың наразылығын туғызды

Концертті кейінге шегеру туралы шешім шыққан соң көрермендерге көрсетілген хабарландыру да қызу талқыға түсті. Стадионнан шығуды сұраған мәтін ағылшын, орыс және түрік тілдерінде жазылған. Алайда жарияланған суреттерге қарағанда, қазақша нұсқасы болмаған.

Фото: Ulysmedia

Бұл әлеуметтік желі қолданушыларының наразылығын туғызды. Әсіресе Қазақстанның мемлекеттік тіліндегі мәтін жоқ кезде түрік тіліндегі аударманың болуы көпшілікті таңғалдырды.

– Егер тек орысша және ағылшынша жазылса, қазақшасын қосуды ұмытып кеткен шығар деп ойлауға болар еді. Ал түрікшесі бар да, қазақшасы қалайша жоқ? – деп жазды Threads қолданушыларының бірі.

Еске салайық, Канье Уэстің соңғы концерттерінің бірі Түркияның Ыстамбұл қаласында өткен.