70 жыл бойы бітім шарты жасалмаған: Оңтүстік Корея КХДР-ды келіссөзге шақырды

Ulysmedia
АР

Оңтүстік Корея президенті Ли Чжэ Мён Пхеньянға тікелей келіссөз бастауды және 70 жылдан аса уақыттан бері қағаз жүзінде жалғасып келе жатқан соғысты ресми түрде аяқтауға әрекет етуді ұсынды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жайы

Оның айтуынша, екі тарап бір-біріне қоқан-лоқы көрсетуді доғарып, ешқандай алдын ала шартсыз бейбіт келісім жөніндегі талқылауға кіріскені жөн.

Ли Чжэ Мён бейбіт диалог Солтүстік Кореяның ядролық бағдарламасы туралы келіссөзге жол ашуы мүмкін деп есептейді.

Сонымен қатар, Сеул бұрынғы ұстанымын жұмсартқан. Бұған дейін Оңтүстік Корея КХДР-дың ядролық арсеналын толық жоюды талап етсе, қазір билік ең кемі оның одан әрі ұлғаюына жол бермеу қажет екенін айтып отыр.

Пхеньянның өзі ядролық қарудан бас тартпайтынын бірнеше рет мәлімдеген.

Соғыс әлі аяқталған жоқ

Солтүстік және Оңтүстік Корея 1950-жылдардан бері ресми түрде соғыс жағдайында қалып отыр. Корей соғысындағы ұрыс қимылдары 1953 жылы бейбіт келісіммен емес, бітім туралы келісіммен тоқтатылған.

Содан бері түбек шамамен 38-параллель бойымен екіге бөлініп тұр.

Сеул Пхеньянмен қарым-қатынасты жақсартуға тырысып жатыр

Былтыр билікке келген Ли Чжэ Мён Солтүстік Корея және Қытаймен қарым-қатынаста жұмсақтау бағыт ұстанып келеді.

Оның алдындағы президент Юн Сок Ёль тұсында Пхеньянмен арадағы қатынас қатты шиеленіскен еді. Кейін Юн әскери жағдай енгізуге әрекеттенген соң биліктен шеттетіліп, сот алдына барды.

Оңтүстік Кореяның қазіргі әкімшілігі КХДР-ға алдын ала шарт қоймай келіссөз өткізуді ұсынып отыр.

Солтүстік Корея билігі Сеулдің жаңа ұсынысына әзірге жауап берген жоқ.

Сонымен бірге халықаралық сарапшылар Ким Чен Ын қазір бұрынғыдай Оңтүстік Корея және АҚШ-пен жақындасуға аса мүдделі болмауы мүмкін деп есептейді.

Бұған КХДР мен Ресей арасындағы тығыз ынтымақтастық себеп болып отыр.

Батыс елдерінің бағалауынша, Пхеньян Мәскеуден ақша, азық-түлік, отын және әскери технология алып, оның орнына оқ-дәрі мен зымырандарды қоса алғанда, қару-жарақ жеткізеді.

Оңтүстік Кореяның негізгі әскери одақтасы – АҚШ. Ел аумағында шамамен 28,5 мың америкалық әскери қызметші орналасқан.