Қазақстан қазір «Дружба» мұнай құбыры арқылы Германияға мұнай жөнелтпей отыр. Энергетика министрлігі бұған транзиттік инфрақұрылымдағы техникалық шектеулер себеп болғанын түсіндірді. Егер бұл кедергілер жойылып, жеткізуге қатысатын тараптар өзара келіссе, бағыт қайта іске қосылуы мүмкін, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мән-жай
– Қазір қазақстандық мұнай Атырау – Самара бағытымен, одан әрі «Дружба» мұнай құбыры арқылы Германияға уақытша жеткізілмей жатыр. Бұған транзит жағындағы инфрақұрылымға қатысты техникалық шектеулер себеп. Бұл кедергілер жойылған жағдайда және барлық мүдделі тарап тиісті келісімге келсе, мұнай жеткізу белгіленген тәртіппен қайта басталуы мүмкін, – деп хабарлады ведомство «ТАСС»-қа.
Контекст
Еске салайық, сәуірде Украина дрондары Самара облысындағы «Дружба» мұнай құбырына қатысты нысанға шабуыл жасаған.
1 мамырдан бастап Қазақстан Германияға мұнайды «Дружбаны» айналып өтетін бағытпен жеткізе бастады. Мұнайдың бір бөлігі Ресейдің Усть-Луга порты арқылы, тағы бір бөлігі Каспий құбыр консорциумы арқылы жөнелтілді.
Бұған дейін Энергетика министрлігі шілде және тамыз айларында «Дружба» арқылы мұнай жеткізу жоспарланбағанын хабарлаған.
«Дружба» мұнай құбыры Еуропаға мұнай тасымалдаудың негізгі бағыттарының бірі болып қала береді. Алайда кейінгі жылдары санкциялар мен шабуылдарға байланысты оның жүктемесі айтарлықтай азайған.