Қазақстандық Threads қолданушылары кәсіпкер әрі блогер Бейбіт Әлібековтің әкесі Бақыт Әлібековтің Facebook парақшасындағы жазбаларын қызу талқылап жатыр. Әлеуметтік желіде тараған скриншоттарда өткір әрі кемсітетін сөздер қолданылған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мән-жай
Threads қолданушылары блогердің әкесіне тиесілі болуы мүмкін парақшадан алынған скриншоттарды жариялаған. Жазбаларда «қазанбастар» секілді кемсіту мәні бар сөздер кездеседі.
Желі қолданушылары не дейді?
Бұл жазбаларға қатысты пікір екіге бөлінді. Бір бөлігі мұндай сөздерді қорлау деп қабылдаса, енді бірі өткір сөздер тұтас ұлтқа емес, нақты бір адамдарға бағытталған деп есептейді.
Бейбіт Әлібеков әзірге бұл жағдайға қатысты ашық пікір білдірген жоқ.
Бақыт Әлібеков пен оның ұлы туралы не белгілі?
Бақыт Әлібеков – кәсіпкер, журналист әрі блогер Бейбіт Әлібековтің әкесі. Ал Бейбіт Әлібеков – қазақстандық кәсіпкер, журналист және блогер. Ол медиа саласында еңбек етіп, кейін жеке бизнес пен блогингке бет бұрған. Сондай-ақ, Alibekov брендінің негізін қалаған және Қазақстандық Медиа Альянстың құрылтайшыларының бірі.
2022 жылы Бейбіт Әлібеков бір топ кәсіпкермен бірге Respublica партиясын құру бастамасына қатысты. Қазір партияның тең төрағаларының бірі.
Ол әлеуметтік желіде де белсенді, кәсіпкерлік, қоғамдағы өзекті мәселелер мен өмір салты туралы контент жариялап жүр.