Абай облысы Аягөз ауданында тұрғындар дабыл қаққан дала өрті ауыздықталды

Ulysmedia
Төтенше жағдайлар министрлігі

Өрт 75 гектар аумақты шарпыған. Қазір оқиға орнында бірнеше ауданнан келген өрт сөндірушілер мен жергілікті қызмет мамандары жұмыс істеп жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Өрт түнде оқшауланды

Өрт Мыңбұлақ ауылдық округінің Лаубай учаскесінде шыққан. Жергілікті биліктің мәліметінше, 18 тамыз сағат 04:10-да өрт оқшауланған.

Қазір елді мекендерге қауіп жоқ. Зардап шеккендер де тіркелмеген.

Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өртті сөндіруге 88 маман мен 18 техника жұмылдырылған. Жұмыс әлі аяқталған жоқ. Өрттің қайта тұтануына жол бермеу үшін аумақты сулау және бақылау жұмыстары жалғасып жатыр.

– Өртті толық жою жұмыстары жалғасып жатыр, – деп хабарлады ТЖД.

Ауыл тұрғындары дабыл қақты

Бұған дейін Аягөз ауданы тұрғындары Ulysmedia.kz редакциясына хабарласып, дала өрті жайылып, шабындықтарға қауіп төндіріп, елді мекенге жақындап келе жатқанын айтқан.

Тұрғындарды әсіресе қысқа дайындаған мал азығы алаңдатқан. Олардың сөзінше, өрт орнында сол кезде бар болғаны бір өрт сөндіру көлігі жұмыс істеген.

– Ауқымды өрт кезінде неге бір ғана өрт сөндіру көлігі жұмыс істеп жатыр? Неліктен қосымша күш пен техника жіберілмеді? Тағы да шөптің өртеніп, ондаған шаруашылықтың зардап шегуін немесе өрттің елді мекенге жақындауын күту керек пе? – деген еді тұрғындар.

ТЖД мәліметінше, өртті сөндіруге құтқарушылар, жергілікті қызметтер, полиция және арнайы жасақталған топтар жұмылдырылған.

Өртті толық сөндіру жұмыстары әлі жалғасып жатыр.