Қазақстанда екі ипотекалық бағдарлама іске қосылады

Ulysmedia

Тамыз айының соңына дейін «Отбасы банк» әйелдерге арналған «Ұмай» және энергия үнемдейтін тұрғын үй алуға бағытталған «Жасыл ипотека» атты екі ипотекалық бағдарламаны іске қосады. Krisha.kz мәліметінше, әр бағдарламаға 90 млрд теңгеден бөлінген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

«Ұмай»

Бағдарлама ресми табысы және кейінгі алты айда зейнетақы жарналары төленген жұмыс істейтін әйелдерге, соның ішінде жалдамалы қызметкерлер мен кәсіпкер әйелдерге арналған.

Шарттары:

  • пайыздық мөлшерлемесі әзірше белгісіз;

  • бастапқы жарна өңірлерде – 15%-дан, Астана мен Алматыда – 20%-дан;

  • қарыз сомасы – 50 млн теңгеге дейін;

  • несие мерзімі – 25 жылға дейін;

  • тұрғын үй бастапқы немесе қайталама нарықтан алынуы мүмкін, бірақ 2016 жылдан ерте салынбауы керек;

  • бастапқы жарна тікелей сатушыға төленеді.

Алматы мен Астанада банк пәтер құнының 80%-ына дейін несие береді. Сондықтан сатып алушы қалған 20%-ды сатушыға өзі аударады. Басқа өңірлерде банк тұрғын үй құнының 85%-ына дейін қаржыландырады, ал қатысушы 15%-ын өзі төлейді.

Депозит ашу талап етілмейді. Алайда кейін несиені 3,5-5% мөлшерлемемен тұрғын үй заемына ауыстыруға болады.

Әйелдің және оның жұбайының ай сайынғы табысы 1,25 млн теңгеден аспауы керек. Иеліктегі тұрғын үй санына шектеу қойылмайды.

«Жасыл ипотека»

Бұл бағдарлама тек энергия тиімділігі сертификаты бар (OMIR, BREEAM, LEED) жаңа тұрғын үй сатып алуға мүмкіндік береді. Бағдарламаға сәйкес келетін тұрғын үй кешендерінің тізімін банк жариялайды.

Шарттары:

  • пайыздық мөлшерлемесі әзірше белгісіз;

  • бастапқы жарна – 20%-дан, тұрғын үй төлемдерін алушылар үшін – 15%-дан;

  • қарыз сомасы – 50 млн теңгеге дейін;

  • несие мерзімі – 25 жылға дейін.

Екі бағдарламаның нақты пайыздық мөлшерлемесі мен іске қосылатын күні туралы банк қосымша хабарлайды.