12 адамды жалмаған ұшақ апаты: Азаматтық авиация комитетінің қызметкерлері тергеліп жатыр

Ulysmedia

Алматы маңында Fokker-100 ұшағының апатқа ұшырауына байланысты Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Азаматтық авиация комитетінің (ААК) Астанадағы қызметкерлеріне қатысты қылмыстық іс қозғалған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

фото: ашық дереккөзден

Бұл туралы депутаттардың сауалына берген жауабында Бас прокурор Берік Асылов мәлімдеді.

Бас прокурордың айтуынша, 2021 жылдың қазан айында ААК мамандары Алматы әуежайының ұшу-қону жолағын тексерген, нәтижесінде онда аэродромды пайдалануға жарамдылық нормаларынан ауытқулар анықталған. Тексеру қорытындысы бойынша анықталған заңбұзушылықтарды жою шартымен қолданылу мерзімін шектеу арқылы (2023 жылғы 20 сәуірге дейін) әуеайлаққа ұшуға жарамдылық сертификатын беру туралы шешім қабылданған.

«Қазіргі уақытта 23 тұрғын үйдің тікелей аэродром маңында орналасуына байланысты аталған заңбұзушылықтар жойылған жоқ. Сонымен қатар елордалық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті ААК қызметкерлеріне қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің – «Қызметтегі әрекетсіздік», яғни 370-бабының 4-бөлігінің 1-тармағы бойынша қозғалған қылмыстық істі тергеп жатыр. 2018 жылы Алматы аэродромына заңсыз ұшуға жарамдылық сертификаты берілген, соның салдарынан Fokker-100 ұшағының апатқа ұшырауына әкеп соққан. Лауазымды тұлғалардың әрекетіне тергеу қорытындысы бойынша баға беріледі», - деді Берік Асылов.

Еске сала кетейік, 2019 жылдың 27 желтоқсанында таңғы сағат 7.22-де Bek Air компаниясының Алматыдан елордаға ұшып шыққан Fokker-100 (№ Z2100 рейсі) ұшағы көтерілу кезінде апатқа ұшырап, бетон қоршауға, артынша екі қабатты ғимаратқа соғылған болатын. Бортында барлығы 93 жолаушы болған ұшақ апатынан 12 адам қаза тапты.

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, прокуратура жер-жерде əуежайлар маңында жерді беру кезінде заңның мыңдап бұзылғанын анықтаған.

Атап айтқанда «Әуе кеңістігін пайдалану жəне авиация қызметі туралы» заңына сəйкес əуеайлақтың бақылау нүктесінен 15 километр жақын қашықтықта тағам қалдықтарын тастайтын орындар, аң фермалары, қасапханалар, құстарды тартумен жəне олардың топталып жиналуымен ерекшеленетін басқа да нысандар салынбауы керек.

Осы тыйым-салуға қарамастан əуежайлардың əуеайлақ маңындағы аумақтарында құстардың тартумен жəне олардың топталып жиналуымен ерекшеленетін 350 нысан салынған.