Orda.kz интернет-басылымы жабылады

Сырым Қаржас
Ulysmedia

Қазақстандық Orda.kz интернет-басылымы 1 қыркүйектен бастап жұмысын тоқтатады. Мұндай шешімді оның құрылтайшысы әрі алғашқы басшысы Мақсат Ғаниев қабылдаған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Толығырақ

Оның айтуынша, алты жыл ішінде жоба шығыннан бас көтере алмаған. Ал бастапқыда ол Orda.kz-ті бизнес ретінде қарастырған.

Ғаниевтің сөзінше, басылым ашық жарнама арқылы табыс таба алады, алайда одан түсетін қаражат редакцияның шығындарын ғана жабуға жетеді.

– Себебі қарапайым. Orda.kz-ке алты жыл бойы салған инвестициямды саралай келе, жобаны үлкен шығыннан пайдаға шығаратын мүмкіндік жоқ екенін түсіндім. Өздеріңіз білетіндей, мен Orda.kz-ті бастапқыдан бизнес-жоба ретінде қарастырдым. Басылым түрлі «сұр кассаларға» жүгінбей, негатив материалдарға қатысты қандай да бір шектеулер қоймай, ашық жарнамалық келісімшарттар арқылы табыс таба алады. Алайда бұл қаражат редакцияның жұмысын әрең ақтауға жетеді. Бірнеше жыл бойы салынған инвестицияны қайтару туралы айтудың өзі қиын. Ал медианы саяси мақсатта пайдалану, жалған ақпарат тарату немесе біреуді бопсалау ойымда жоқ. Бұл менің жеке ұстанымдарыма сәйкес келмейді, – деп жазды Ғаниев.

Редакция жабылатынын растады

Orda.kz бас редакторы Анна Платонова 1 қыркүйектен бастап сайтпен қатар редакцияға тиесілі барлық әлеуметтік желідегі аккаунт, соның ішінде YouTube-арнасы да жұмысын тоқтататынын хабарлады.

Orda.kz-тің соңғы материалдары 31 тамызда жарияланады.

Редакция жабылу туралы шешімнің қаржылық жағдайға және жобаны әрі қарай ұстауға қажетті табыстың жетпеуіне байланысты қабылданғанын атап өтті.

Контекст

Басылым 2020 жылы құрылып, Қазақстандағы қоғамдық-саяси оқиғаларды жариялады. 2025 жылдың соңына дейін редакцияны журналист Гүлнәр Бажкенова басқарды.

2025 жылғы желтоқсанда Orda.kz кеңсесінде және Бажкенованың пәтерінде тінту жүргізілді. Полиция өкілдері көрінеу жалған ақпарат тарату, сеніп тапсырылған мүлікті ысырап ету және заңсыз кәсіпкерлікке қатысты бірнеше қылмыстық іс бар екенін хабарлаған.

2026 жылғы 18 тамызда Алматының Бостандық ауданы №2 соты Бажкенованы сегіз жылға бас бостандығынан айырды. Оның 14 жасқа толмаған баласы болуына байланысты жазаны орындау екі жылға кейінге шегерілді.

Сот сондай-ақ оған бес жыл бойы бұқаралық ақпарат құралдарында жұмыс істеуге, журналистикамен, блог жүргізумен және басқа да жария қызметпен айналысуға тыйым салды.

Бажкенова өз кінәсін мойындамады және істі саяси астары бар деп есептейтінін мәлімдеді.

Сот материалдарына сәйкес, ол компания шоттарынан 88 миллион теңгеден астам қаражатты жымқырғаны, жылжымайтын мүлік операцияларынан заңсыз табыс тапқаны және көрінеу жалған ақпарат таратудың сегіз эпизоды бойынша кінәлі деп танылған.