Қазақстанның ерлер арасындағы жекелей сындағы бірінші ракеткасы Александр Бублик «Үлкен дулыға» санатындағы маусымның қорытынды турнирі — АҚШ ашық чемпионатының (US Open) екінші айналымында жеңіске жетті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Толығырақ
Әлемдік рейтингте 16-орында тұрған және турнирде 15-нөмірмен өнер көрсетіп жатқан қазақстандық теннисші екінші айналымда әлемнің 67-ракеткасы, франциялық Адриан Маннариномен кездесті.
Үш сетке созылған матч Бубликтің 6:3, 6:1, 6:1 есебімен жеңісімен аяқталды.
Теннисшілер хард кортында 1 сағат 22 минут ойнады. Осы уақыт ішінде Александр 16 эйс жасап, үш рет қос қателікке жол берді және 14 брейк-пойнттың алтауын сәтті пайдаланды.
Келесі қарсыласы кім?
Үшінші айналымда қазақстандық теннисші әлемдік рейтингте 29-орында тұрған америкалық Томми Полмен кездеседі.