Өзбекстандық профессордың ісі: ҰҚК жаңа мәліметтерді жариялады

Сырым Қаржас
ашық дереккөз

Қазақстан бұған дейін Астанада тыңшылық жасады деген күдікпен ұсталған өзбекстандық профессор Икболжон Карабоевтың ісі бойынша Өзбекстанға ресми түрде хабар берілді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жай

Ұлттық қауіпсіздік комитеті Өзбекстан тарапының профессорға қатысты іс туралы дипломатиялық арналар арқылы хабардар етілгенін растады, деп жазды ҚазТАГ.

— ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексеру материалдары жария етуге жатпайды. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, өзбек тарапы бұл іс туралы дипломатиялық арналар арқылы ресми түрде хабардар етілді, — деп хабарлады ҰҚК журналистер сауалына берген жауабында.

Ведомство қылмыстық-процестік заңнама талаптарын алға тартып, тергеуге қатысты өзге мәліметтерді жарияламады.

Контекст

Еске салайық, шілде айында Астанада Өзбекстан азаматы, Андижан қаласының тумасы, 46 жастағы Икболжон Карабоев ұсталған еді. Ол елордадағы жоғары оқу орындарының бірінде халықаралық қатынастар пәндерінен сабақ берген.

BBC мәліметінше, Карабоевқа қатысты қылмыстық іс ҚР Қылмыстық кодексінің «Шпионаж» деп аталатын 176-бабы бойынша тергеліп жатыр. Бұл бап шетел мемлекетінің немесе ұйымының мүддесі үшін мемлекеттік құпияларды беру, жинау, ұрлау немесе сақтау, сондай-ақ шетел азаматтарының Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігіне қарсы бағытталған өзге де мәліметтермен байланысты осындай әрекеттері үшін жауапкершілікті көздейді.

Астанада профессор әйелі және кәмелетке толмаған үш баласымен бірге тұрған.

Бұған дейін BBC журналистері оның ұсталуына қатысты мән-жайды бірнеше апта бойы анықтауға тырысқан. Ал MNU Ulysmedia.kz-ке Карабоевтың енді университетте жұмыс істемейтінін хабарлаған.