Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 16,25%-ға дейін төмендетті

Сырым Қаржас
Ulysmedia коллажы

Қазақстан Ұлттық банкі базалық мөлшерлемені 16,25%-ға дейін төмендетті. Бұл туралы Ақша-кредит саясаты комитеті хабарлады.

Толығырақ

Мөлшерлеме +/- 1 пайыздық тармақ дәлізімен белгіленді. Ұлттық банк шешімді инфляция мен негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің жаңарған бағасына сүйене отырып қабылдаған.

Инфляция баяулап келеді

Реттеушінің мәліметінше, Қазақстанда жылдық инфляция тамыз айында 9,8%-ға дейін төмендеген. Баға өсімінің баяулауы 11 ай қатарынан жалғасып отыр.

Азық-түлік бағасының жылдық өсімі 9,5%-ды құрады. Бұған жеміс-жидек пен көкөністің арзандауы, сондай-ақ импорттық тауарлар бағасының төмендеуі әсер еткен. Азық-түлікке жатпайтын тауарлар бойынша инфляция 11,4%-ға дейін баяуласа, қызмет көрсету саласындағы инфляция 8,9%-ды құрады.

Тамызда айлық инфляция 0,6% деңгейінде қалыптасты. Ал базалық инфляция 0,7% болды. Халықтың инфляциялық күтулері де төмендеген. Шілдеде тұрғындардың алдағы бір жылға инфляция бойынша күтулері 12,1%-ды құрады. Маусымда бұл көрсеткіш 13,4% болған.

Бірақ мөлшерлемені әрі қарай түсіру қиын болуы мүмкін

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені төмендетуге инфляция мен инфляциялық күтулердегі оң өзгерістер мүмкіндік бергенін атап өтті. Дегенмен реттеуші мөлшерлемені одан әрі төмендету мүмкіндігі шектеулі екенін ескертті.

Бұған 2027 жылға арналған инфляция болжамының қайта қаралуы және проинфляциялық тәуекелдердің күшеюі себеп болып отыр. Атап айтқанда, ішкі сұраныстың өсуі, инфляциялық күтулердің тұрақсыздығы, жанар-жағармай бағасы мен ТКШ тарифтерінің өзгеруі негізгі тәуекелдер қатарында.

2027 жылға инфляция болжамы көтерілді

Ұлттық банк 2026 жылдың қорытындысы бойынша инфляция 9-11% аралығында болады деп болжап отыр. Бұл болжам өзгеріссіз қалды. Ал 2027 жылға арналған болжам 5,5-7,5%-дан 6,5-8,5%-ға дейін көтерілді. Реттеуші мұны сыртқы инфляциялық қысымның күшеюімен, реттелетін бағалар бойынша болжамдардың өзгеруімен және фискалдық ынталандырудың артуымен байланыстырды.

2028 жылы инфляцияның 5%-дық нысанаға жақындауы күтіледі.

Қазақстан экономикасының өсімі бойынша болжам да сақталды. Ұлттық банк 2026 жылы ЖІӨ 4,5-5,5% аралығында өседі деп күтеді.

Базалық мөлшерлеме бойынша келесі шешім 23 қазанда жарияланады.