Теңге ме, доллар ма? Сүлейменов қазақстандықтарға жинақ бойынша кеңес берді

Сырым Қаржас
Ulysmedia

Ұлттық банк төрағасы Қазақстанда долларлық депозиттерде жалпы сомасы шамамен 6 трлн теңгеге тең қаражатты кімдер жинағанын айтып, өзінің жеке қаражатын қалай сақтайтынын да мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Долларды кімдер сақтайды?

Тимур Сүлейменовтің айтуынша, қазақстандықтардың депозиттерінде доллармен сақталатын қаражаттың үлесі тарихи минимумға – жалпы салымдардың 19,2 пайызына дейін төмендеген.

– Негізінен долларлық депозиттері барлар – ауқатты азаматтар. Олардың теңгеде де жинақтары бар екені сөзсіз. Алайда олар әртараптандыру тұрғысынан қаражатының бір бөлігін долларда сақтағысы келеді деп шешкен. Депозиттерді көлеміне қарай қарасақ, 1 миллионға дейін, 5 миллионға дейін, 50 миллион теңгеге дейінгі қаражаты бар адамдар ақшасын теңгеде сақтағанды жөн көреді, яғни орташа қазақстандық үшін ақшаны долларда сақтау туралы ойдың өзі жоқ. Ал қаражат жинаған және депозиттік, жинақ портфелін әртараптандырғысы келетін ауқатты азаматтар ақшасының бір бөлігін долларда сақтайды, – деді Тимур Сүлейменов.

Соған қарамастан, долларлық депозиттердің жалпы көлемі 5,9 трлн теңге болады.

Қарапайым есеп

Тимур Сүлейменовтің пікірінше, долларда ақша сақтайтындар теңгеде жинақтайтындарға қарағанда аз табыс алады.

– Инфляция біртіндеп төмендеп келеді. Жыл басынан бері теңге шамамен 10 пайызға нығайды. Сонымен қатар биыл теңгелік депозиттердің орташа мөлшерлемесі 18-19 пайыз болды. Қараңыз: сіз доллармен ақша салып, сол депозиттен 1 пайыз табыс таптыңыз делік. Ал теңгемен сақтасаңыз, шамамен 25-30 пайыз табыс табар едіңіз. Демек, қаржылық есеп-қисап өте қарапайым, – деп түсіндірді ол.

Ұлттық банк төрағасы әр адам өз жинағына өзі жауапты екенін атап өтіп, сондықтан ешкімге ақыл үйретуге ниетті емес екенін айтты.

Дегенмен Тимур Сүлейменовтің өзі ақшасын теңгеде сақтайды және Қазақстан валютасының тұрақтылығына нық сеніп отыр.

Контекст

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 16,25%-ға дейін төмендеткенін хабарлаған едік.