Қазақстан Ресеймен кедендік баж салығына қатысты соттасып жатыр

Сырым Қаржас
Shutterstock

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы Ресейдің кедендік тәжірибесіне қатысты Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) сотына талап арыз берді. Соттың Үлкен алқасы өтінішті өндіріске қабылдап, отырысты 2 қарашаға белгіледі, деп хабарлайды Ulysmedia.kz

Мәселе неде

2025 жылдың соңынан бері Ресей кедені үшінші елдерден әкелініп, Қазақстан аумағында кедендік рәсімдерден өткен және Одақ тауары мәртебесін алған өнімдерге жоғары мөлшерлемедегі баж салығын алып келеді.

ЕАЭО ережесіне сәйкес, мұндай тауарлар Одаққа мүше мемлекеттер арасында қосымша төлемсіз еркін қозғалуы керек. Алайда Ресей өз заңнамасына сүйеніп, оларға жоғары мөлшерлемені қолдануда.

«Атамекеннің» мәліметінше, бұл бизнеске қосымша қаржылық салмақ түсіріп, өнімнің қымбаттауына, логистикалық тізбектердің бұзылуына және қазақстандық жеткізушілердің Ресей нарығындағы бәсекеге қабілеттілігінің төмендеуіне әкеледі.

«Атамекен» соттан не сұрайды

Палата соттан бірнеше маңызды мәселені түсіндіруді сұрады.

Біріншіден, ЕАЭО-ға мүше бір елде кедендік рәсімдерден өткен тауарлар Одақтың бүкіл аумағында еркін қозғала ала ма? Екіншіден, Ресей мұндай тауарларға ұлттық заңнамаға сәйкес жоғары мөлшердегі баж салығын қолдана ала ма?

Сондай-ақ тауар Одақ тауары мәртебесінен айырылуы мүмкін бе және ЕАЭО ережелері мүше мемлекеттер арасында сауда шектеулерін енгізуге жол бере ме деген сұрақтар қойылды.

Сот «Атамекеннің» қазақстандық бизнес атынан жүгінуге құқығы бар екенін растады және өтінішті өндіріске қабылдады. Бұл шешімге шағым жасауға болмайды.

Контекст

Бұл – Қазақстанның соңғы уақытта ЕАЭО аясында Ресейге қатысты білдірген екінші наразылығы.

Бұған дейін Еуразиялық экономикалық комиссия алқасы Ресейдің серіктес елдерде берілген сертификаттарды бұғаттау тәжірибесін кедергі деп таныған болатын. «Росаккредитация» қазақстандық және қырғызстандық компаниялардың құжаттарының күшін жойып, олардың Ресей нарығына шығуына іс жүзінде жол бермеген.

Ресей бұл кедергіні 60 күн ішінде жоюға тиіс.

Сол кезде экономист Әзиз Ысқақов Ресей үкіметінің протекционистік саясаты өзгеріссіз қалуы мүмкін екенін айтқан.