Алматыда Иаков Воронцовтың ісі бойынша сот отырысы өтпей қалды

Сырым Қаржас
Ulysmedia коллажы

Бұрынғы дін қызметкері Иаков Воронцовтың ісі бойынша алғашқы сот отырысы бүгін, 11 қыркүйекте Алматыда өтуі керек еді. Сағат 15:00-ге қарай сот ғимаратына журналистер мен азаматтық қоғам өкілдері жиналғанымен, процесс болған жоқ, деп хабарлайды Ulysmedia.kz

Сот отырысы өтпеді

Сот отырысы Медеу аудандық сотының №2 ғимаратында өтуге тиіс болған. Процесс ашық форматта өтеді деп жоспарланған.

Воронцовтың ісі бойынша соттың жаңа күні әзірше белгісіз.

Ақпанда ұсталған

Иаков Воронцов Алматыда 13 ақпанда ұсталған. Сол кезде полиция оны есірткі притонын ұйымдастырды деген күдікке ілінгенін хабарлаған.

Тергеу аяқталғаннан кейін қылмыстық іс сотқа жолданды.

Сот отырысы басталатыны хабарланғанға дейін Воронцов денсаулығына қатысты мәселелер барын айтқан. 17 тамыздағы хатында ол аяғындағы созылмалы ауруы — трофикалық жара мен посттромбофлебиттің асқынғанын жазған. Бұрынғы дін қызметкері қатты ауырсынудан ұйықтай алмай жүргенін айтып, тергеу изоляторында медициналық көмек көрсетуді сұраған.

Воронцов кім?

Иаков Воронцов Ресей православ шіркеуінің Астана және Алматы епархиясында иеромонах болған. Кейін Ресей билігі мен РПШ басшылығын ашық сынап, Украинадағы соғысқа қарсы пікір білдірген.

2024 жылы оған діни қызмет атқаруға тыйым салынып, шенінен айырылған.

Қазақстанда бұған дейін Воронцовқа қатысты алауыздық қоздыру ісі тергелген. Алайда кейін қылмыс құрамы болмағандықтан іс тоқтатылған.

Воронцов Қазақстанда Мәскеу патриархатына тәуелсіз діни бірлестік құруға әрекет жасаған. Ұсталуына бір күн қалғанда ол Алматы қаласының Әділет департаменті мен Әділет министрлігіне қарсы талап арыз беріп, діни бірлестікті тіркеуден бас тарту туралы шешімді даулаған.