Картоп арзандап, ет бағасы тұрақтады: елде азық-түлік қанша тұрады

Сырым Қаржас
Ulysmedia коллажы

Бір аптада негізінен маусымдық көкөністер арзандаған. Ал бірінші сұрыпты ұн, сүт, сүзбе мен макарон өнімдерінің бағасы өзгермеген. Сиыр етінің орташа бағасы килограмына 3,8 мың теңгеден асады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz

Көкөністер маусымға байланысты арзандады

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 9 қыркүйектегі жағдай бойынша бір аптада картоп 6,9%, пияз 5,9%, қырыққабат 5,1%, сәбіз 4,5% арзандаған. Алманың бағасы 0,8%, нан 0,4%, ірімшік 0,3% төмендеді.

Бірінші сұрыпты ұн, кеспе, сүт пен сүзбенің бағасы бір апта ішінде өзгермеген. Жалпы азық-түлік бағасының айтарлықтай төмендегені байқалмайды.

Астана, Атырау, Жезқазған, Қызылорда, Өскемен, Семей және Түркістан қалаларында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы бір аптада небәрі 0,1% арзандаған. Алматы, Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай және Таразда баға өзгермеген.

Картоптың ең төмен бағасы – 152 теңге

Қазір картоптың орташа бағасы килограмына 217 теңге, пияз – 156 теңге, сәбіз – 227 теңге.

Бұл көкөністер ең арзан Павлодарда сатылып жатыр. Мұнда картоптың орташа бағасы – 152 теңге, пияз – 123 теңге, сәбіз – 146 теңге.

Ал қызанақтың бағасы әлдеқайда жоғары. Ел бойынша оның бір келісі орта есеппен 586 теңге тұрады. Бақыланатын қалалардың ішінде ең төмен баға Таразда тіркелген – 347 теңге.

Сиыр еті келісінің орташа бағасы а 3 819 теңге, тауық еті – 1 747 теңге.

Қазір әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізімінде 31 өнім бар.