Италияда оқуға арналған виза талаптары өзгерді ме? Елшілік пікір білдірді

Ulysmedia
Ulysmedia.kz коллажы

Қазақстандағы Италия елшілігі студенттік визаға қажет құжаттарға қатысты жағдайға пікір білдірді. Бұған дейін студенттер CIMEA құжатына қатысты жаңа талап енгізілуі мүмкін екенін айтып шағымданған еді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Қазақстандық студенттер Италияға виза рәсімдеу кезінде қиындыққа тап болған.

Бұған дейін Италия университеттеріне оқуға түскен қазақстандықтар құжат рәсімдеудің соңғы кезеңінде тосыннан қосымша талап пайда болғанын хабарлады. Оны дайындауға 60 жұмыс күніне дейін уақыт кетуі мүмкін.

Елшілік өкілдері бұған дейін қолданылған чек-парақтың әлі де күшінде екенін мәлімдеді. Яғни бұрынғы талаптар жойылған жоқ, әзірге мүлде жаңа тәртіп те енгізілмеген. Жақын арада бұл ақпарат дипломатиялық өкілдіктің ресми сайтында да жаңартылмақ.

Нені растау қажет?

Италияда білім алу үшін студент өзінің аттестаты немесе дипломы италиялық білім беру жүйесінің талаптарына сай келетінін және құжаттың түпнұсқа екенін дәлелдеуі керек.

Ол үшін CIMEA құжаттарын пайдалануға болады. Бұл орталық шетелдік білім туралы құжаттарды тексеріп, олардың Италиядағы білім жүйесіне сәйкесін анықтайды және қажет болған жағдайда түпнұсқалығын растайды.

Сонымен қатар, Dichiarazione di Valore немесе DDV құжаты да қолданыста қалады. Бұл – шетелде берілген білім туралы құжаттың мәртебесі мен құндылығын растайтын декларация.

Елшілік CIMEA құжатында дипломның түпнұсқалығы жеке көрсетілмесе, оның өзі жеткіліксіз болуы мүмкін екенін түсіндірді. Мұндай жағдайда DDV де қажет болуы ықтимал.

Мән-жай

Қазақстандық студенттердің айтуынша, CIMEA құжаты қажет болуы мүмкін деген ақпарат 11 қыркүйекте тараған. Бұл кезде талапкерлердің көбі құжат рәсімдеу жұмысын аяқтауға жақын қалған.

Олар университетке қабылданып, Universitaly жүйесіндегі рәсімдерден өтіп, құжаттарын аудартып, апостиль қойдырып, тиісті алымдарды төлеп, DDV рәсімдеп үлгерген.

Кейін кейбір талапкерлерге CIMEA құжаты да қажет болуы мүмкін екені белгілі болған.

Негізгі мәселе – уақыт. CIMEA рәсімдеу 60 жұмыс күніне дейін созылуы мүмкін. Ал студенттік визаға құжат қабылдау 30 қарашаға дейін жалғасады.

CIMEA – Италияның академиялық ұтқырлық және білім құжаттарының сәйкестігі жөніндегі ұлттық ақпарат орталығы. Ол шетелдік дипломдарды тексеріп, олардың түпнұсқалығын және Италияның білім беру жүйесіне сәйкестігін анықтайды.