Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ел тұрғындарын Отбасы күнімен құттықтап, қоғамның құндылығы, дүниетанымы мен мәдени болмысы ең алдымен отбасында қалыптасатынын атап өтті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Отбасының орны
Мемлекет басшысының айтуынша, адам өмірдегі алғашқы бағыт-бағдарын отбасынан алады. Жауапкершілікке, үлкенді сыйлауға, дәстүрге құрметпен қарауға да әуелі шаңырақта үйренеді.
Тоқаев бала тәрбиесінде ата-ананың және аға буынның орны ерекше екенін айтып, ұлттық құндылықтарды ұрпақтан ұрпаққа жеткізудің маңызына тоқталды.
Президент 1 шілдеден бастап Конституцияда неке мен отбасы, ана, әке және бала құқықтарын қорғау мәселесі нақты бекітілгенін еске салды.
Сондай-ақ, Ата заңда алғаш рет некенің ер мен әйелдің заңға сай тіркелген, ерікті әрі тең құқықты одағы екені нақты көрсетілді.
Бұдан бөлек, биыл Қазақстанда Отбасы құқықтары жөніндегі уәкіл институты құрылды.
Ата-ананы қолдау
Тоқаев саналы ата-ана болуға жағдай жасау және балалардың жан-жақты дамуына мүмкіндік беру елдің адами әлеуетін күшейтумен тікелей байланысты екенін атап өтті.
Президенттің айтуынша, Отанға деген сүйіспеншілік, заңға құрмет, табиғатты аялау және тазалықты сақтау әдеті де ең алдымен отбасында қалыптасады.
Сөз аяғында Мемлекет басшысы қазақстандықтарға зор денсаулық, амандық және отбасы берекесін тіледі.