Видео екі елдегі пабликтерге тарап кетті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Толығырақ
Әлеуметтік желіде Астанада алмасу бағдарламасы бойынша білім алып жүрген қырғызстандық студент қыздардың сөзіне қатысты дау шықты. Олардың онлайн эфирінен үзінді Қазақстан мен Қырғызстандағы пабликтерге тараған. Видеода қыздар қазақтар мен Кенесары хан туралы пікір айтқан.
Олардың бірінің мына сөзі ерекше наразылық тудырды:
— Біз одан шарап ішеміз. Ханның рухын қорлау үшін ішуіміз керек, осылайша оны түбегейлі өлтіруіміз керек, — деді ол эфирде.
Оның айтуынша, қырғыздар ханның басын бермейді, өйткені «дәстүр бойынша жауға бастың өзін беруге болмайды».
«Олар ұялмай ма?»
Эфирге қатысқан өзге адамдар қыздарды бірден сынады. Әңгімеге қатысушылардың бірі студенттердің Қазақстанда жүріп, қазақ ханына тіл тигізіп отырғанын айтты.
— Біз, мысалы, қырғыздарды құрметтейміз, олар туралы бұлай жаман сөз айтпаймыз. Ертең бұл видеоны Қырғызстан елшілігіне жібереміз. Олар оқудан шығарылса, ұялмай ма? — деді ол.
Әлеуметтік желідегі реакция
Қазақстандық қолданушылар қыздардың сөзіне баға беруді талап етті. Желі қолданушыларының басым бөлігі олардың сөздерін айыптап, мұндай мәлімдемелер екі халықтың арасына іріткі салатынын атап өтті.
Контекст
Еске салайық, бұған дейін де Қазақстан мен Қырғызстан қолданушылары арасында әлеуметтік желіде дау туған еді. Қырғызстанда өткен VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында медальдарды есептеуге қатысты жанжал шыққан.
Ойындарды ұйымдастыру комитеті жариялаған кестеде Қырғызстан 30 алтын медальмен көш бастаса, Қазақстанның еншісінде 29 алтын көрсетілген. Қазақстанның Туризм және спорт министрлігі 32 алтын медаль алғанын мәлімдеді.
Қайта есептеуден кейін Қазақстан бірінші орынға шықты. Ал Қырғызстан президентінің баспасөз хатшысы Асқат Алагөзов «қазақ бауырларын жеңісімен» құттықтады.