Қазақстанда мемлекеттік қолдауға бөлінген 238 млн теңгеден астам қаражатты заңсыз иемденді деген күдікті Грузиядан елге жеткізілді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Толығырақ
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының, Қаржылық мониторинг агенттігінің және Ішкі істер министрлігі Интерполының қызметкерлері Қазақстан Елшілігінің қолдауымен Грузиядан Қазақстан азаматшасын экстрадициялады.
Тергеу нұсқасы бойынша, күдікті 2020–2023 жылдары ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді мемлекеттік қолдауға бөлінген бюджет қаражатын жымқыру схемасын ұйымдастырған.
Ол сенімді тұлғалардың атына тіркелген шаруа қожалықтарын, асыл тұқымды ірі қара мал сатып алуға арналған жалған шарттар мен басқа да жалған құжаттарды пайдаланған. Осы құжаттар арқылы жеңілдетілген кредиттер мен мемлекеттік субсидияларды заңсыз алған деген күдік бар.
Осының салдарынан мемлекетке және басқа да жәбірленушілерге 238 миллион теңгеден астам залал келтірілген.
Күдікті ұсталды
Қылмыстан кейін күдікті тергеу органдарынан бой тасалап, халықаралық іздеуге жарияланған. Биыл наурызда ол Грузия аумағында ұсталып, Қазақстан Бас прокуратурасының сұрауы бойынша елге экстрадицияланды.
Қазір күдікті тергеу изоляторына қамалды.
Оған тағылған қылмыстар бойынша мүлкін тәркілеу және 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Айта кетейік, жыл басынан бері Грузиядан Қазақстанға 7 адам экстрадицияланған. Олардың бесеуі жымқыру қылмыстары бойынша халықаралық іздеуде болған.