21 жастағы Тауман Назарбаевтың үйлену тойы Астанада көпшіліктен таса өтті. Қонақтардан телефондарын арнайы орынға өткізу сұралған. Негізгі банкеттен кейін мереке жабық афтерпатимен жалғасқан. Ulysmedia.kz Нұрсұлтан Назарбаевтың ұлының үйлену тойына қатысты жаңа мәліметтерді білді.
Тауман Назарбаевтың үйлену тойы
Той The Ritz-Carlton, Astana қонақүйінде өткен. Мерекеге орай қонақүй іші гүлдермен ерекше безендірілген. Ресепшен маңына гүл композициялары қойылып, баспалдақ ақ гүлдерге толтырылған.
Той өтетін жерге қарапайым келушілерді жақындатпаған. Қонақүйдің лоббиінде жай ғана отыруға келген адамдарға ғимарат ішінде «өте маңызды іс-шара» өтіп жатқаны айтылған. Ал той қонақтары үшін ғимараттың бүйір жағынан бөлек кіреберіс қарастырылған.
Jah Khalib ән айтты, бірақ түсіруге тыйым салынған
Кеште өнер көрсеткендердің бірі Jah Khalib болды. Алайда қонақтарға суретке түсіруге рұқсат берілмеген. Ұйымдастырушылар тойдың құпиялылығына ерекше мән берген.
Қонақтардың телефондары арнайы қаптарға салынып, құлыпталған. Осылайша, мереке кезінде смартфон камераларын пайдалануға мүмкіндік болмаған. Тойда болған жағдайдың барлығы сол жерде қалуға тиіс болған.
Дегенмен кейбір қонақтар әншімен бірге суретке түсіп үлгерген.
Гүлден жасалған тойбастар және жабық кеш
Қонақүйге келген әйелдердің бірі тойға шақырылғандардың қатарындағы адамның өзіне шағын гүл шоғын сыйлағанын айтқан. Мұндай гүл композициялары тойбастар ретінде таратылған.
– Тойбастар шағын гүл шоғы түрінде болды. Маған гортензия мен пион тәрізді раушан гүлдерінен жасалған букет тиді. Қызыл гүлдерден жасалған шоқтарды да көрдім, – дейді ол.
Тойдан берілетін сарқыт та барынша қарапайым оралған. Қонақтарға көзге түсетін жазуы жоқ ақ пакеттермен таратылған.
Негізгі тойдан кейін қонақтар үйлеріне қайтпаған. Афтерпати Lilou Bar-да ұйымдастырылған. Жеке іс-шараға байланысты мекеме сол күні қарапайым келушілер үшін толықтай жабылған.
Бар әкімшілігі бұл туралы Instagram-парақшасында алдын ала хабарлаған.
– We are closed today. Біздің есігіміз бүгін жабық. Ертең әдеттегі режимде сіздерді күтеміз, – делінген мекеме хабарламасында.
Бұған дейін Ulysmedia.kz Тауман Назарбаевтың Айдана Сәрсембаеваға үйленгенін жазған. Екеуі де 2004-2005 жылдары дүниеге келген, қазір 21 жаста.
Тауман – Нұрсұлтан Назарбаев пен Әсел Исабаеваның үлкен ұлы. Оны Әсел Құрманбаева деген есімімен де таниды. Қазақстанның тұңғыш президентінің екінші отбасы туралы ұзақ жылдар бойы ресми ақпарат жария етілмей келген. Бұл жөнінде тек қауесеттер тарап, бұқаралық ақпарат құралдары жазып келді.
2023 жылы Назарбаев «Менің өмірім. Тәуелділіктен еркіндікке» атты мемуарында Әселмен мұсылмандық салт бойынша некеге тұрғанын жазды. Екі ұлы дүниеге келген: Тауман 2005 жылы, Байкен 2008 жылы туған.
Жаңа құдалар
Қалыңдық Айдана – Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің бұрынғы орынбасары, сондай-ақ бір кездері «Қазақстан инжиниринг» ұлттық компаниясын басқарған Әділбек Сәрсембаев пен Әлия Иманбаеваның қызы. Ол 2004 жылғы 24 желтоқсанда дүниеге келген.
Қалыңдықтың әкесі Әділбек Сәрсембаев ұзақ жылдар бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеген. Ол елорда әкімдігінде, Президент әкімшілігінде еңбек етіп, Петропавл әкімінің бірінші орынбасары, Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің аппарат басшысы болған. Кейін «Қазақстан инжиниринг» компаниясында қызмет атқарған.
2021 жылы Сәрсембаев индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі болып тағайындалып, бұл қызметті 2022 жылдың тамызына дейін атқарды.