Қарағанды облысында жергілікті депутат мәслихат отырысы кезінде жұмыс орнында темекі шеккені үшін әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мән-жай
Депутаттар Zoom арқылы онлайн форматта жиналған. Осыны пайдаланған Осакаров аудандық мәслихатының төрағасы Қанат Саққұлақов кабинетінде жұмыс үстелінде отырып, электронды темекі шеккен.
Алайда отырыс трансляциясының видеосын әлдебіреу әлеуметтік желіге жариялап жіберген. Осыдан кейін темекі шеккен депутатқа қарапайым қолданушылар ғана емес, полиция да назар аударған.
— Жұмыс орнында темекі шеккені расталды. 15 қыркүйекте Осакаров ауданының полиция қызметкері Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 441-бабының 1-бөлігіне сәйкес айыппұл салу туралы әкімшілік құқық бұзушылық хаттамасын толтырды, — деді Ulysmedia.kz тілшісіне Осакаров аудандық мәслихатының аппаратының басшысы Қаныбек Төлеуов.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 441-бабы заңнамада темекі өнімдерін тұтынуға тыйым салынған орындарда бұл талапты бұзғаны үшін жауапкершілікті көздейді.
Контекст
Еске салайық, бұған дейін Құрылтай депутаттарының мінез-құлқына қатысты жаңа ережелер белгілі болған еді. Депутаттар жалған ақпарат таратқаны, көпшілік алдында сөйлегені және әдеп нормаларын бұзғаны үшін тек парламент қабырғасында емес, одан тыс жерде де жазалануы мүмкін.
Мұндай жағдайда ескерту жасау, көпшілік алдында кешірім сұрату, бір немесе үш отырысқа сөз сөйлеу құқығынан айыру, отырыстан шығару, сондай-ақ бір күндік жалақысынан айыру сияқты шаралар қарастырылған.