Әнші Мақпал Жүнісова үйіне 55 млн теңгеге жасалған жөндеу жұмыстарының сапасына шағымданды. Оның айтуынша, бір жылға жетпей, үйдің қабырғасындағы плиткалар мен өзге де әрлеу материалдары түсе бастаған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мән-жай
Жүнісова видеода үйдің кейбір бөліктеріндегі плиткалардың ажырап, түсе бастағанын көрсетті. Оның айтуынша, мұндай ақаулар ғимараттың барлық дерлік периметрінен байқалған.
– Құрылысшылардың жасап кеткені. Өзіміздің қазақтың жігіттері. Осы үйді жөндейміз деп, 55 миллион теңге ақша алды. Төрт ай миымды шірітіп, төрт ай оларға тамақ беріп, ақшасын төледім. Киіз үйде күркеде жатты. Енді үйдің жан-жағының бәрі түсіп жатыр. Қалай осылай жұмыс істеуге болады? Не деген сұмдық! Еркегі жоқ, жесір әйел деп басынғаны ма?, – деді ол.
“Әттең, Зәкең жоқ”
Жүнісова бригадирді танитынын, алайда әзірше онымен соттасуға уақыты жоқ екенін айтты.
– Онымен соттасып жүруге уақытым жоқ. Жалпы халық білсін деп көрсетіп отырмын. Міне, мынау не сұмдық енді?! Бәрі жай ілініп тұр. Көрдіңіз ғой? (...) Қалай жыламайсың енді? Әттең, Зәкең жоқ. Бастарын тура жұлып алар еді. Масқара мынау енді. Жүрегімді ауыртады осындай жұмысшылар, – деді Халық әртісі.
Анықтама
Мақпал Жүнісова – танымал әнші, Қазақстанның халық әртісі. Ол қазақ эстрадасында бірнеше ондаған жылдан бері өнер көрсетіп келеді. Әншінің репертуарында халық арасында кең танылған көптеген ән бар.
Мақпал Жүнісованың марқұм жұбайы Заманбек Нұрқаділов – белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, саясаткер. Әр жылдары Алматы қаласының әкімі, Алматы облысының әкімі және Қазақстанның Төтенше жағдайлар агенттігінің төрағасы қызметтерін атқарған.
Мақпал Жүнісова мен Заманбек Нұрқаділов 1998 жылдың 1 қазанында ресми түрде некеге тұрған. Ерлі-зайыптының Мерей есімді қызы бар.
Заманбек Нұрқаділов 2005 жылы қарашада қайтыс болды.