Экс-прокурор Қазақстанның қаруды үшінші елдерге қайта сату мүмкіндігіне қатысты пікір білдірді

Сырым Қаржас
qurultai

Қазақстан Сербиядан алған қаруын бастапқы жеткізушінің рұқсатынсыз қайта сата ала ма? Бұл сұрақты Құрылтай депутаты, бұрынғы прокурор Айжан Аймағанова Қорғаныс министрінің орынбасары Шайх-Хасан Жазықбаевқа қойды. Талқылау 16 қыркүйекте екі ел арасындағы әскери-техникалық ынтымақтастық туралы келісімді қарау кезінде өтті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Толығырақ

Айжан Аймағанова келісімнің екі тармағына назар аударды. Біріншісінде қару-жарақ пен әскери техниканы үшінші елдерге беру үшін екінші тараптың алдын ала жазбаша келісімін алу талап етіледі. Ал екіншісінде экспорттық бақылау әр мемлекеттің ұлттық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылатыны көрсетілген.

Депутат осы екі талаптың өзара қалай қолданылатынын түсіндіруді сұрады.

– Егер Қазақстан өз заңнамасына сәйкес қару-жарақ пен әскери техниканы экспорттауға рұқсат алып қойған болса, оларды үшінші елге қайта сату үшін бастапқы жеткізуші мемлекеттен қайтадан келісім алу міндетті ме? – деп сұрады Аймағанова.

Қорғаныс министрінің орынбасары бастапқы өндірушінің рұқсаты кез келген жағдайда қажет екенін айтты. Оның сөзінше, экспорттық бақылау тәртібі Қазақстанның заңнамасында егжей-тегжейлі белгіленген.

Осылайша, Қазақстан заңнамасына сәйкес экспортқа рұқсат берілгеннің өзінде, алынған қару-жарақты үшінші елге қайта сату үшін бастапқы өндірушінің жеке келісімі қажет болады.

Делдалсыз әскери ынтымақтастық

Құрылтай депутаттары келісімді бірінші оқылымда мақұлдады. Құжатты Қорғаныс министрінің орынбасары Шайх-Хасан Жазықбаев таныстырды.

Келісімге 2023 жылғы 29 қарашада Белградта қол қойылған. Ол қару-жарақ пен әскери техниканы өзара жеткізуді, оларға қызмет көрсету мен жөндеуді қарастырады.

Сондай-ақ тараптар қару-жарақты бірлесіп әзірлеп, сынақтан өткізе алады, технология алмасады, бір-біріне әскери-техникалық көмек көрсетіп, мамандар даярлайды.

Заң жобасы енді екінші оқылымда қаралады.