Шымкентте кафель шығаратын зауыттан 28 жастағы спортшы Әділ Тілектестің мәйіті табылды. Грек-рим күресінен ел намысын қорғаған балуан отбасын асырау үшін спортпен қатар зауытта жұмыс істеген. Марқұмның жақындарының айтуынша, оны жұмыс кезінде электр тогы соғып, биіктен құлаған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мән-жай
Әділ Тілектес бала кезінен күреспен айналысқан. Ол грек-рим және еркін күрестен ел намысын қорғап, есту қабілеті төмен спортшылар арасындағы әлем чемпионатына қатысқан. Жарыста төртінші орын алған.
Марқұмның анасы Роза Әубәкірова ұлынан үш күн бұрын айырылған. Оның айтуынша, жексенбі күні Әділді әпкелері жұмыс істеп жүрген жерінен алып кетпек болған. Олар Түлкібастағы әкесін туған күнімен құттықтау үшін бірге жолға шықпақ болыпты.
Алайда жақындары зауыттың сыртында жарты сағаттан аса күткен. Сол кезде жедел жәрдем келгенін көрген.
Марқұмның әпкесі Мөлдір Тілектестің айтуынша, Әділ екі вагонның төбесінде тұрған кезде ток соғып, төменге құлаған.
– Бетін жаппақшы болды. Бетін жаппаңдар, өлген жоқ дедім. Қайда алып кетіп бара жатырсыңдар, көмектесіңдер дедім. Қарасам, күйіп кеткен екен ғой байғұстың мойнынан бастап құлақтарына дейін. Ең соңында қарасам, қолдары да күйіпті. Қолымен ұстап қалды ма, тоқ тартты ма тоққа барып соғылды ма бәрібір де ара-қашықтығы жақын болды өте. Техникалық қауіпсіздік қаншалықты сақталған сақталмағанын, – деді Мөлдір Тілектес.
Әділ қара жұмысқа нәпақа табу үшін барған. Жақындарының айтуынша, шаңырақ көтергеннен кейін спортпен қатар зауытта да еңбек еткен.
Марқұмның жары Анжела Тұрғанәлиева оның спортты тастағысы келмегенін айтты.
– Спорттан бас жүлделі орындар алсам, үй аламын деп ниет қылып спортын тастамаған. Кешке жетіге дейін жұмыс істейді. Сағат тоғыз-ондарда жаттығуға барып түнде келеді, – деді ол.
Жарының айтуынша, Әділ жарыстарда жүлде алғанымен, спорттан тұрақты қаржылай қолдау болмаған.
– Күреске барғанда медаль алғанда ақша беретін ба еді? Бермейтін еді дейді, – деді Анжела Тұрғаналиева.
Ол Әділдің негізгі табысы зауыттағы жұмысынан түскенін айтты.
– Тек жұмыс істеп, айлық алатын еді. Жарысқа барған кезде қызғаншақ дейді бапкерлері. Ешқандай ақша бермейтін еді дейді, – деді марқұмның жары.
Оқиға Шымкенттегі кафель шығаратын зауытта болған. Қазір полиция кәсіпорынға қатысты тексеру жүргізіп жатыр.
Полиция не дейді?
Шымкент қаласы полиция департаментінің мәліметінше, жұмысшының қаза болу дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған.
– Қаладағы кәсіпорындардың бірінің аумағында жұмысшының қаза болу дерегі бойынша полиция сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізуде. Алдын ала мәлімет бойынша, ер адам жұмыс жүргізу барысында электр тогының соғуы салдарынан өлімге әкелген жарақат алған. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр, – делінген полиция хабарламасында.
Марқұмның артында екі ұлы мен өзімен тағдырлас үшінші топ мүгедектігі бар 23 жастағы жары қалды. Әділ Шымкент қаласының атынан жарыстарға қатысып жүрген. Спортшы шаһарда пәтер жалдап тұрған.
Жақындарының айтуынша, ол жазда спартакиадаға қатысқан. Алайда бұл жарыста да төртінші орынға тұрақтаған.