Шымкентте ер адам балаларының көзінше әйелін аяусыз ұрып-соққан

Сырым Қаржас
ашық дереккөз

Шымкентте әйелін аяусыз ұрды деген күдікпен 25 жастағы ер адам ұсталды. Жәбірленушінің айтуынша, оқиға оның кәмелетке толмаған екі қызының көзінше болған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Оқиғаның мән-жайы

Әлеуметтік желілерде беті қан-жоса болған әйелдің жылап отырған видеосы тарады. Әйелдің айтуынша, күйеуі оны ұрып, балалардың көзінше балағаттаған. Сонымен қатар оның сөзінше, ер адам оның атына шамамен 2 млн теңге несие рәсімдеп, оқиғадан кейін өлтіремін деп қорқытқан.

Бұл жайттар әзірше әйелдің өз сөздеріне және әлеуметтік желідегі жазбаларға негізделіп отыр.

Ер адам ұсталды

Полиция күдіктінің анықталып, ұсталғанын хабарлады.

– Шымкент полиция қызметкерлері әйелге дене жарақатын салды деген күдікпен Түркістан облысының 25 жастағы тұрғынын ұстады, – деп хабарлады полиция департаменті.

Ер адам уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Шымкент қаласы полиция департаментінің мәліметінше, оқиға 16 қыркүйек күні түн ортасында қала аумағында болған. Жәбірленушінің арызынан кейін полиция тергеу жүргізе бастаған.

Іс Шымкент қаласы полиция департаменті басшылығының бақылауына алынды.