Оңтүстік Қытай теңізіндегі дау: Қытай мен Филиппин кемелері соқтығысты

Сырым Қаржас
Видео кадры

Қытай мен Филиппин арасындағы теңіздегі қақтығыс тағы ушықты. 18 қыркүйекте Оңтүстік Қытай теңізінің даулы бөлігінде Қытай жағалау күзетінің кемесі Филиппиннің мемлекеттік кемесімен соқтығысты. Манила Қытай кемесі әдейі соқты деп мәлімдесе, Бейжің оқиғаға Филиппин тарапы кінәлі екенін алға тартты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жай

Reuters дерегінше, оқиға Палаван аралынан шамамен 54 теңіз милі қашықта болған. Филиппиннің Балық шаруашылығы және су ресурстары бюросына қарасты BRP Datu Magat Salamat кемесі жергілікті балықшыларға жанармай жеткізуге шыққан.

Филиппин жағалау күзетінің мәліметінше, Қытайдың CCG-21585 кемесі бірнеше рет қауіпті маневр жасап, кейін филиппиндік кеменің артқы бөлігіне соғылған. Соққыдан кеменің қоршаулары мен палубадағы кейбір құрылғылары зақымданған. Зардап шеккендер жоқ.

Манила бұл әрекетті қасақана жасалған деп бағалады.

- Қытай жағалау күзеті балықшыларға қолдау көрсету үшін жолға шыққан азаматтық мемлекеттік кемені әдейі соқты, — делінген Филиппин жағалау күзетінің мәлімдемесінде.

Ал Қытай жағалау күзетінің мәлімдеуінше, Филиппин кемесі бірнеше ескертуге қарамастан бағытын күрт өзгертіп, Қытай кемесінің алдын кесіп өткен. Бейжің соқтығысқа Филиппин жағын жауапты деп санайды.

Контекст

Оқиға екі ел арасында Оңтүстік Қытай теңізіндегі даулы аумақтарға байланысты шиеленіс сақталып отырған тұста болды. Кейінгі жылдары бұл аймақта Қытай мен Филиппин кемелері арасында бірнеше рет қауіпті қақтығыс болған. 

Негізгі себеп - Оңтүстік Қытай теңізіндегі даулы аумақтарға талас. Қытай теңіздің үлкен бөлігін өзінікі деп санайды, ал Филиппин кей аймақтар өзінің айрықша экономикалық аймағына кіретінін алға тартады.

Бұл өңір балыққа, ықтимал мұнай-газ қорына және маңызды теңіз жолдарына бай. Сондықтан екі елдің кемелері жиі бетпе-бет келіп, соқтығысып жатады. Дауды АҚШ пен Филиппин арасындағы қорғаныс одағы да күрделендіре түседі.