200 тонна алма, LRT және жаңа метро: Алматы «бақ-қалаға» айнала ала ма?

Ulysmedia
Ulysmedia.kz коллажы

Бүгін, 19 қыркүйекте, Алматыда Қала күніне арналған мерекелік шаралар өтіп жатыр. Мегаполистің әр түкпірінде мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылып, оның басты нышандарының бірі — алмаға ерекше мән берілді. Қаладағы дәстүрлі жәрмеңкеге Алматы өңірінің 50 шаруашылығынан 200 тоннадан астам алма әкелінген. Ал қала әкімі 2030 жылға дейін Алматыда млн-нан астам ағаш отырғызу жоспарланып отырғанын айтты.

Ulysmedia.kz тілшісі бүгінгі Алматының тыныс-тіршілігіне үңіліп, алдағы жылдары мегаполистің келбетін өзгертетін ірі жобаларды саралады.

Қала күніне 200 тоннадан астам алма жеткізілді

Мерекелік бағдарламаның негізгі алаңдарының бірі  – Панфилов және Жібек жолы жаяу жүргіншілер көшелерінде өтіп жатқан Alma Qala Fest фестивалі.

Мұнда дәстүрлі алма жәрмеңкесіне ерекше көңіл бөлінген. Биыл жәрмеңкеге Алматы өңірінің 50-ге жуық шаруа қожалығы қатысып, алманың түрлі сорттарын ұсынып, 200 тоннадан астам алма алып келген.

«Алма жәрмеңкесіне 14 жылдан бері қатысып келемін»

Алма жәрмеңкесіне 14 жылдан бері қатысып жүрген Еңбекшіқазақ ауданының Қаракемер ауылынан келген Сапар Бекмағамбетов биыл 7,5 тонна алма әкелген.

«Қала күніне орай өтетін алма жәрмеңкесіне 14 жылдан бері қатысып келемін. Биыл бір өзгеріс бар, бұрын жәрмеңке бір күн ғана өтетін, биыл екі күнге созылады. Мен алманың 15 сортын әкелдім, қазір тоғыз сорты ғана қалды. Негізінен жұрт апорт алады. Оның ішінде «Башқұрт сұлуы» деген сорт та бар. Бұл өте тәтті әрі ірі алма болғандықтан, тез өтіп кетеді. Ең таңдаулы сорттардың бір келісі мың теңгеден басталады. Ал қарапайым сорттары 700–800 теңге шамасында. Былтыр да жәрмеңкеге шамамен жеті тонна алма әкелген едім, оның бәрі бір күнде сатылып кетті. Жәрмеңкеге негізінен Алматы облысының шаруалары қатысады. Кейде тіпті Шонжыдан да алма әкелетіндер бар», — деді Бекмағамбетов.

 Кітап, өнер және мың жас суретші

Алматыдағы мерекелік бағдарлама алма жәрмеңкесімен ғана шектелмеді. Арбатта екі күнге жоспарланған «КітапFest» кітап жәрмеңкесі басталды. Биыл оған 60-тан астам баспа қатысып отыр. Оқырмандарға түрлі жанрдағы кітаптар ұсынылып, отандық жазушылар мен ақындармен кездесулер ұйымдастырылды.

Қала күніне арналған тағы бір ауқымды шара — «Almaty: Bala.Art – Мың бала» балалар пленэрі. Оған бір мезетте мың жас суретші қатысып, Алматыға арналған туындыларын салды. Балалар өз жұмыстарында қаланың тарихын, табиғатын және көпшілікке таныс нышандарын — апортты, тауларды, ескі көшелерді, сондай-ақ заманауи мегаполисті бейнеледі.

Сонымен қатар, мереке аясында жалпықалалық сенбілік те өтті. Экологиялық акцияға 50 мыңнан астам адам қатысты. Қаланың барлық ауданында тұрғындар мен коммуналдық қызмет өкілдері саябақтар мен скверлерді, аулалар мен қоғамдық орындарды тазалап, ағаш отырғызды.

 Дархан Сатыбалды Алматыны «бақ-қалаға» айналдыруға ниетті

Қала күнінде Алматы әкімі Дархан Сатыбалды да тұрғындарды мерекемен құттықтады. Otbasy Fest фестивалі өтіп жатқан Абай алаңында сөйлеген әкім өз сөзінде мегаполистің болашағына тоқталып, Алматының «бақ-қала» мәртебесін қайта қалыптастыру маңызды екенін айтты.

Әкімнің айтуынша, осы мақсатта қалада көшет питомниктерінің желісі құрылып жатыр. Ал 2030 жылға дейін Алматының көшелері, саябақтары мен скверлеріне миллионнан астам ағаш отырғызу жоспарланған.

«Баршаңызды Қала күнімен шын жүректен құттықтаймын. Мегаполистің дамуына үлес қосып жүрген әр тұрғынға алғыс айтамын. Халықаралық рейтинг агенттіктерінің зерттеулеріне сәйкес, Алматы Орталық Азиядағы ең көрікті қала деп танылып, Жаһандық Оңтүстіктің жетекші 30 қаласының қатарына кірді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та Алматының дамуына ерекше мән беріп, оның ел тәуелсіздігінің бесігі ретіндегі тарихи маңызын атап өтті», — деді Дархан Сатыбалды.

Алматыны алдағы жылдары қандай өзгерістер күтіп тұр?

Әкімнің «бақ-қала» туралы жоспары Алматыда алдағы жылдары жүзеге асырылуы тиіс бірқатар ірі жобамен қатар жүреді. Қазір мегаполисте көлік, туристік және әлеуметтік инфрақұрылымды жаңартуға бағытталған 2030 жылға дейінгі бірнеше жоба қолға алынған.

Солардың бірі — жеңіл рельсті көлік жүйесі, яғни LRT. Оның алғашқы кезеңі 18,3 шақырымды қамтып, Абылай хан даңғылы, Төле би және Момышұлы көшелері арқылы өтеді. Бірінші кезеңді 2027 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.

Метро желісін де ұзарту көзделген. «Қалқаман» станциясынан «Барлық» базарына дейінгі ұзындығы бес шақырымнан асатын учаскеде үш жаңа станция салынбақ. Ал «Барлық» аумағында метро, LRT, автовокзал мен автотұрақты біріктіретін ірі көлік-логистикалық торап құру жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, жоспар бойынша метроның «Жібек жолы» станциясынан Алматы халықаралық әуежайына дейін жаңа желі салу да қарастырылған.

Қалада жылдам қоғамдық көлік бағыттарын, соның ішінде BRT жүйесін дамыту жоспарланған. 2030 жылға дейін 42 жедел қоғамдық көлік дәлізін қалыптастыру көзделіп отыр. Оның құрамына жалпы ұзындығы 296 шақырым BRT, 31 шақырым LRT және 20 шақырым метро желілері кіреді.

Алматының туристік әлеуетін арттыруға бағытталған ірі жобалардың бірі таулы аймақтағы Almaty SuperSki. Жоба аясында шамамен 60 шақырым шаңғы трассасын, аспалы жолдар мен туристік инфрақұрылым нысандарын салу жоспарланған. Жобаны іске қосу 2028 жылдың желтоқсанына белгіленген.

Бұл жобалардың барлығы Алматыдағы көлік қатынасын жақсартуға, қаланың әр бөлігін өзара байланыстыруға және туристік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған. Ал миллионнан астам ағаш отырғызу жоспары мегаполистің жасыл желегін көбейтіп, Алматының «бақ-қала» ретіндегі келбетін жаңғыртуға бағытталмақ.

Қала күні мұнымен аяқталмайды. Ертең, 20 қыркүйекте Алматының әр ауданында тұрғындарға арналған түрлі мәдени-ойын-сауық шаралары ұйымдастырылады. Олардың қатарында концерттік бағдарламалар мен отбасылық демалысқа арналған жобалар бар.

Автор: Перизат Жарылқасын