Люксембург әуежайы дрондардың кесірінен уақытша жабылды

Ulysmedia
Romain Fellens/ picture alliance

Люксембургтегі жалғыз халықаралық әуежай 18 қыркүйекте кешке белгісіз дрондар байқалғаннан кейін жұмысын уақытша тоқтатты. Соның салдарынан бірқатар рейс кешігіп, кей ұшақтар көрші елдердің әуежайларына бағытталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Сағат 22:00 шамасында әуежай маңынан және оның аумағының дәл үстінен дрондар байқалған. Қауіпсіздік мақсатында әуежай әкімшілігі ұшып-қону жұмыстарын уақытша тоқтату туралы шешім қабылдады.

Дрондардың кімге тиесілі екені және оларды кім басқарғаны әзірге белгісіз.

Ұшақтар басқа әуежайларға бағытталды

Әуежай жұмысы бірнеше сағатқа тоқтатылды. Шамамен бір жарым сағаттан кейін ұшулар шектеулі тәртіппен қайта жанданды.

Luxembourger Wort мәліметінше, оқиға салдарынан тек Luxair әуе компаниясының өзінде 1800-ден аса жолаушыға қолайсыздық туған.

Кей ұшақтар Бельгия, Германия және Франция әуежайларына жіберілді.

Оқиғаны тексеру жұмыстарына байланысты 19 қыркүйекте де қосымша кешігулер мен кей рейстердің тоқтатылуы мүмкін.

Белгісіз дрондар байқалғаннан кейін Люксембург үкіметі қауіпсіздік органдары мен әуе кеңістігін бақылайтын қызмет өкілдерінің қатысуымен арнайы кеңес өткізді.

Дрондар бұған дейін де байқалған

Белгісіз ұшу аппараттарының қайдан шыққаны әзірге анықталған жоқ. Билік оларды кім басқарғанын да білмейді.

Бұл елде кейінгі күндері болған алғашқы жағдай емес. 17 қыркүйекте де Люксембургтің Медернах коммунасы үстінен белгісіз дрондар байқалған.

Осындай жағдайлар Еуропаның басқа әуежайларында да тіркеліп жатыр.

12 қыркүйекте дрон туралы хабардан кейін Брюссель әуежайындағы ұшу-қону жолағы шамамен жарты сағатқа жабылған. Германияда осыған ұқсас оқиғалар Мюнхен мен Ганноверде болған.

Бұған дейін Осло мен Копенгаген әуежайларының маңынан да белгісіз дрондар байқалған.