Алматы тауларында ілбіс итті қуып, туристердің алдына дейін келген

Сырым Қаржас
Видеодан алынған кадр

Алматы маңындағы таулы соқпақта екі қыз күтпеген жағдайға тап болды. Оларға жолай еріп жүрген жергілікті ит бір кезде мазасызданып, үрейлене үре бастаған. Сөйтсе, жақын маңда ілбіс жүрген екен, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жай

Ілбіспен кездескен сәттің видеосын алматылық Оксана Перекупко жариялады. Оның айтуынша, ол тауға құрбысымен бірге серуендеуге барған. Сол жерде оларға бір ит еріп қосылған. Біраз уақыттан кейін иттің мазасыздана бастағанын байқаған.

– Демалыс орындарының бірінде ит алға қарай жүгіріп кетті. Кенет оның тоқтамай үре бастағанын естідік. Жақындасаө, жүндері үрпиіп, бір нүктеге қадала қарап тұр екен. Ал алда ештеңе көрінбейді: күн көзі шағылысып, айнала бұталар мен шыршалар. Бір кезде ит орнынан атып тұрды. Бірнеше секундтан кейін ол бізге қарай қайта жүгіріп келді, ал оның артынан ІЛБІС қуып келе жатыр! Сол сәтте уақыт тоқтап қалғандай болды. Таңғы күн сәулесі түсіп тұрған, шаң бұрқыраған ортада ілбіс шынайы емес сияқты көрінді — тура кинодағы кадр сияқты, – деп жазды қыз әлеуметтік желідегі парақшасында.

Ілбіс адамдарды көріп, бұрылып кеткен

Туристер жыртқыштан қорқып, айғайлай бастаған. Ілбіс тоқтап, бірнеше секунд адамдарға мұқият қарап тұрған. Кейін шыршаның ар жағына өтіп, көзден ғайып болған.

Біраз уақыттан кейін қыздар ілбісті соқпақтың жоғары жағынан тағы көрген. Олардың болжамынша, жыртқыштың маңында өзі аулаған олжасы болуы мүмкін және ол сол жерді қорғап жүрген.

Ал басқа туристер итті өздерімен бірге алып, жақын маңдағы ауылға түсіріп жіберген. Ал қыздар саяхатын әрі қарай жалғастырған.