"Қамау керек": Бектенов түнде аулада шулаған жүргізушілерге қатысты тапсырма берді

Сырым Қаржас
ашық дереккөз

Үкімет отырысында жол қауіпсіздігі мәселесі талқыланды. Премьер-министр Олжас Бектенов ІІМ-нің көпқабатты үйлердің аулаларында тыныштықты бұзатындарға қатысты қандай шара қолданып жатқанын нақтылады. Ол мұндай құқық бұзушылықтарға жол бергендерге қатаң шара қолдануды тапсырды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

750-ден астам құқық бұзушылық тіркелген

Олжас Бектенов түнде аулада тыныштықты бұзатын көлік пен мотоцикл жүргізушілеріне қатысты қатаң шара қабылдауды тапсырды.

ҚР Ішкі істер министрі Ержан Сәденов тыныштықты бұзушылармен күрес туралы баяндады.

– Иә, мұндай фактілер бар. Полиция тәулік бойы жұмыс істейді. Қазір цифрлық шешімдер жақсы көмектесіп жатыр, камералар арқылы анықтаймыз. Сондай-ақ тұрғындар да белсенді, олар телефон арқылы 102 нөміріне мұндай оқиғалар туралы хабарлайды. Жыл басынан бері осындай 782 факті тіркелген. Олардың барлығы әкімшілік жауапкершілікке тартылды, 55 адам қамауға алынды. Сонымен қатар көліктер мен мотоциклдер айып тұрағына қойылады. Бұл бағыттағы жұмысты күшейтеміз, – деді министр.

"Айыппұл аз"

Үкімет басшысы қабылданып жатқан шаралар жеткіліксіз деп есептейді.

– Айыппұл емес, қамау керек, – деді Олжас Бектенов Ішкі істер министріне тыныштық режимін бұзғаны үшін жазаны қатаңдатуды тапсырып.