Жабылып қалған Orda.kz басылымының бұрынғы бас редакторы Гүлнәр Бажкенова өзіне тағайындалған сегіз жыл бас бостандығынан айыру жазасына шағым түсірген. Алайда апелляциялық сот үкімді өзгеріссіз қалдырды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Толығырақ
Сот алқасы Бостандық аудандық сотының үкімін өзгерткен жоқ. Гүлнәр Бажкеноваға екі жылға жазаны өтеуді кейінге қалдырумен сегіз жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Қосымша шектеулер де күшінде қалды. Журналистке бес жыл бойы журналистикамен, блог жүргізумен және қоғамдық қызметпен айналысуға, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарына қатысты ұйымдарды басқаруға тыйым салынды.
Журналист не үшін сотталды?
Еске салайық, 18 тамызда Алматы қаласының Бостандық аудандық №2 соты Гүлнәр Бажкенованы сеніп тапсырылған мүлікті иемдену немесе ысырап ету, заңсыз кәсіпкерлікпен айналысу және көрінеу жалған ақпарат тарату баптары бойынша кінәлі деп таныған.
Соттың қорытындысы бойынша, 2024 жылдың қарашасынан 2025 жылдың желтоқсанына дейін ол компания шоттарынан 88,1 миллион теңгеден астам қаражатты шығарған. Ақша жарнамалық, кәсіби және ғылыми қызметтер үшін төлем ретінде оның бақылауындағы жеке кәсіпкерге аударылған. Компания қаражаты есебінен оның ұлының жекеменшік халықаралық мектепте оқу ақысы да төленген.
Тағы бір эпизод жылжымайтын мүлік саудасына қатысты болды. Сот Бажкенованың Алматыдағы пәтерлерді сатып алу және сату арқылы 121,2 миллион теңге алғанын анықтаған. Ол кәсіпкер ретінде тіркелмей, бұл табыстан салық төлемеген.
Сегіз материал және мамандықпен айналысуға тыйым
Сот Orda басылымының 2024-2025 жылдардағы сегіз материалын көрінеу жалған ақпарат деп таныды.
Үкімге сәйкес, Бажкенова адамдар тобымен алдын ала сөз байласқан және жарияланған мәліметтер азаматтарға, ұйымдарға және мемлекетке елеулі зиян келтірген.
Сот процесі барысында Алматы прокурорының орынбасары ұсталды деген ақпарат та қаралды. Orda-ның құрылтайшысы Мақсат Ғаниев Бас прокуратура мен Антикор бұл ақпаратты жоққа шығарғанын, алайда материал басылымның сайтында және YouTube арнасында бәрібір жарияланғанын айтқан.
Бас бостандығынан айыру жазасы мен медиасалада бес жыл жұмыс істеуге тыйым салудан бөлек, сот Бажкеновадан материалдық шығын ретінде 96 миллион теңгеге жуық, мемлекеттік баж ретінде шамамен 2,9 миллион теңге және жәбірленуші тараптың заң көмегі мен сот шығындарына жұмсаған 6,8 миллион теңгесін өндіріп алуды қаулы етті.
Журналистің 14 жасқа толмаған баласы болғандықтан, жазаны орындау екі жылға кейінге қалдырылды.
Бажкенова тағылған айыптардың ешқайсысын мойындамады. Соттағы соңғы сөзінде ол өзінің кінәсіз екенін айтып, қылмыстық істі саяси іс деп атады.
Orda.kz жұмысы тоқтады
Еске салайық, 1 қыркүйектен бастап Orda.kz басылымы жұмысын тоқтатты. Оның құрылтайшысы Мақсат Ғаниев бұл шешімді қаржылық қиындықтармен түсіндірді: алты жыл ішінде жобаға салынған инвестиция өзін ақтамаған.
Сайтпен бірге оған қатысты әлеуметтік желідегі аккаунттар мен YouTube арнасы да жабылды. Редакция соңғы материалдарын 31 тамызда жариялады.