Ердоған Қарабаққа қатысты мәлімдеме жасады

Mike Segar / Reuters

Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған Қарабақ Әзербайжан аумағы екенін және солай болып қала беретінін мәлімдеді. Түркия басшысы бұл туралы 27 қыркүйекте Әзербайжанда атап өтілетін Еске алу күніне орай айтқан, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ердоған үндеуінде қаза тапқан әзербайжандық әскери қызметшілерді еске алып, ардагерлерге құрмет білдірді.

«Дос әрі бауырлас Әзербайжанның Еске алу күнінде Қарабақты басқыншылықтан азат ету және оның бостандығын қалпына келтіру жолында күрескен шейіт батырларымыздың рухына тағзым етіп, ардагерлерімізге құрметімді білдіремін», – деп жазды Түркия президенті.

Ердоған аймақ атауын әзербайжан тіліндегі нұсқада қолданып, «Қарабақ – Әзербайжан жері және мәңгі солай болмақ» деп атап өтті. Anadolu агенттігі де Түркия президентінің сөзін осы мағынада келтірген.

2023 жылғы қыркүйекте Әзербайжан Қарабақта әскери операция жүргізіп, одан кейін аймақты толық бақылауына алды. Қарабақ халықаралық деңгейде Әзербайжан аумағының бір бөлігі ретінде танылған.

Операциядан кейін 100 мыңнан аса этникалық армян Қарабақтан кетіп, Арменияға қоныс аударды.

Бұл оқиғаларға дейін-ақ Армения билігі Әзербайжанның аумақтық тұтастығын бұрынғы Әзербайжан КСР-інің шекарасы шегінде тануға дайын екенін мәлімдеген. Бұл аумаққа Қарабақ та кірген.