МАГАТЭ бас директоры Рафаэль Гросси агенттік Ресей және Украина тараптарымен Запорожье АЭС-і маңында жергілікті атысты тоқтату туралы келіссөздер жүргізіп жатқанын мәлімдеді. Бұл шара әскери қимылдар барысында үнемі істен шығатын электр беру желілерінің зақымданған учаскелеріне мамандардың қауіпсіз қол жеткізуін қамтамасыз ету үшін қажет, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Толығырақ
Қақтығыс басталғалы бері станцияның сыртқы электрмен жабдықталуы тұрақсыз болып отыр. Запорожье АЭС-ін жалпы энергетикалық жүйемен байланыстыратын желілер бірнеше рет ажыратылып немесе зақымдалып, соның салдарынан станция сыртқы электр қуатынан толық айырылған жағдайлар болды. Мұндай кезде шұғыл жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін нақты учаскелерде әскери қимылды уақытша тоқтату қажет.
Инфрақұрылымға қауіпсіз қол жеткізу мәселесі шешілгенше, МАГАТЭ станцияның резервтік жүйелерінің жұмысын қамтамасыз етуге көмектесіп келеді. Агенттік апаттық генераторларға қажетті отын жеткізуге ықпал етіп жатыр. Бұл генераторлар станция электр желісінен қайта ажыратылған жағдайда оның қалыпты жұмысын қамтамасыз етеді.
Бұл шаралар станция аумағында жалғасып жатқан атқылаулар жағдайында ядролық апаттың алдын алу үшін аса маңызды.
Гросси не деді?
— Қажетті жөндеу жұмыстарын (электрмен жабдықтау желілерін жөндеу) жүргізуді қамтамасыз ету үшін соғысып жатқан екі тарап арасында жергілікті атысты тоқтату туралы келіссөздер жүргізіп жатырмыз, — деді Гросси.
Контекст
Запорожье АЭС-і маңындағы жағдай әлі де күрделі. Өңірде әскери қимылдар жалғасып жатқандықтан, станцияның қауіпсіздігіне қатысты алаңдаушылық бар. АЭС-тегі алты энергоблоктың барлығы қазір «суық тоқтату» режимінде тұр, яғни электр энергиясын өндіріп жатқан жоқ. Соған қарамастан, реакторларды салқындату және қауіпсіздік жүйелерінің үздіксіз жұмыс істеуі үшін станцияға тұрақты түрде электр қуаты қажет.