Әкімдіктерге жол сапасын жақсарту жоспарын әзірлеуге бір апта берілді

Ulysmedia.kz коллажы

Қазақстанда әкімдіктер алдағы үш жылда жолдардың сапасын жақсарту жөніндегі жоспарды бір апта ішінде әзірлеп, бекітуге тиіс. Билік жол жөндеу жұмыстарының сапасына және мердігерлердің жауапкершілігіне ерекше назар аудармақ, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жай

Мұндай тапсырманы Көлік министрлігінде жол сапасына арналған жиында премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев берді.

Нәлібаевтың айтуынша, жол құрылысы мен жөндеу жұмыстарына бақылауды бастапқы кезеңнен-ақ күшейту қажет. Белгіленген талаптарға сай келмейтін жол нысандарын жергілікті атқарушы органдар қабылдамауға тиіс.

Ал жол пайдалануға берілгеннен кейін кепілдік мерзімі ішінде ақау анықталса, оны мердігер өз қаражаты есебінен жөндеуге міндетті.

– Кепілдік мерзімі ішінде қандай да бір кемшілік анықталса, мердігер оны өз есебінен қалпына келтіруі керек, – деді Нәлібаев.

Жобалаудан бастап жолды күтіп ұстауға дейінгі кезең

Жиында жергілікті жолдарға қатысты жұмыстың барлық кезеңі қаралды. Атап айтқанда, жол учаскелерін таңдау, жобалау, құрылыс жүргізу, жөндеу, сапаны тексеру және кейінгі күтіп ұстау мәселелері талқыланды.

Кездесу қорытындысы бойынша облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың әкімдіктеріне жергілікті жол желісінің сапасын арттыруға арналған үш жылдық жоспарды бір апта ішінде бекіту тапсырылды.