+36 градуста ұшақ ішінен шығармаған: қазақстандық FlyArystan-ды сотқа берді

Ulysmedia.kz коллажы

Қазақстандық Абылай Байтенов шілдеде Шымкент – Алматы бағытындағы рейстен кейін FlyArystan әуе компаниясын сотқа берді. Оның айтуынша, компания жолаушыларды есігі жабық, кондиционері істемейтін ұшақтың ішінде шамамен 45 минут ұстаған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жай

Оқиға 9 шілдеде Шымкент әуежайында болған. Байтеновтің сөзінше, жолаушыларды кешкі сағат бес шамасында ұшаққа отырғызған. Содан кейін олар шамамен 45 минут бойы кондиционерсіз салонда отырған.

– Әуе компаниясының соттағы ұстанымы – «ештеңе болмаған, мұндай жағдай болып тұрады, ешқандай заңбұзушылық жоқ», – деп жазды ол.

Қазақстандықтың болжамынша, осы уақыт ішінде экипаж кондиционер жүйесіндегі ақауды жөндеуге тырысқан.

Оның пікірінше, әуе компаниясы жолаушыларды бірден терминалға қайтарғысы келмеген. Себебі бұл қосымша шығынды талап етер еді: автобус ұйымдастыру, күту залына орналастыру және кейін қайта отырғызу қажет болатын.

Ақырында жолаушыларды бәрібір әуежай ғимаратына қайта кіргізген. Онда олар тағы шамамен бір сағат күткен.

Ер адамның ойынша, бұған жолаушылардың бірінің жағдайы нашарлауы себеп болуы мүмкін.

– Жолаушылардың бірінің жағдайы нашарлады, – деді ол.

Сыртта +36 градустан жоғары болған

Өз сөзін дәлелдеу үшін ер адам «Қазгидрометтің» жауабын да жариялаған.

«Шымкент» метеостанциясының дерегіне сәйкес, 9 шілде күні сағат 17:00-де ауа температурасы +36,2 градус болса, сағат 20:00-де +36 градус болған.

Енді жолаушы осы мәліметтер мен видеожазбаларды сотта дәлел ретінде пайдаланбақ.

FlyArystan-ға қарсы талап арыз бойынша сот отырысы 20 қазанға белгіленген.

Еске салайық, бұған дейін бірінші топтағы мүгедектігі бар баланың анасы Threads желісінде FlyArystan ұсынатын 50 пайыздық жеңілдіктің талаптарын сынаған еді. Оның айтуынша, бұл жеңілдік нақты көмек беруден гөрі формал түрде ғана бар.