Қазақстанда жалпы құны 182,3 миллион теңге болатын алты алтын құйма тәркіленді. Қырғызстандық әйел алтындарды Қазақстан арқылы Қытайға жасырын алып өтпек болған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бас көлік прокуратурасының мәліметінше, әйел алтынды Қырғызстаннан сатып алып, кейін «Қордай Авто» өткізу бекеті арқылы Қазақстанға кірген.
Қымбат металды кеденшілер мен шекарашылардың тексерісінен жасыру үшін әйел әр аяқ киімінің ұлтарағының астына үш алтын құймадан салған.
Алайда «Қорғас» халықаралық шекара маңы ынтымақтастығы орталығының маңында жүргізілген тексеріс кезінде жасырылған алтын құймалар табылған.
Тәркіленген алтынның жалпы салмағы 2,8 келі болды. Құймалардың құрамындағы таза алтынның үлесі 99 пайыздан асқан.
Бас көлік прокуратурасының өтініші бойынша сот алтынды тергеу аяқталғанға дейін тәркілеуге рұқсат берді. Нәтижесінде алты құйманың барлығы мемлекет меншігіне өтті.
Тәркіленген алтынның жалпы құны 182,3 миллион теңгеге бағаланды.
Сот қаулысы заңды күшіне енді. Бұл іс бойынша соталды тергеу әлі жалғасып жатыр.