Алматыда көшеде бейтаныс әйелге тиісіп, мазасын алған шетелдік қамауға алынды

Ulysmedia.kz коллажы

Алматыда бейтаныс әйелге тиіскен шетелдік турист 15 тәулікке қамалды. Оқиға Терренкур саябағында болған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Оқиғаның мән-жайы

Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, ер адам көшеде бейтаныс әйелге жақындап, оның келісімінсіз бөксесінен ұстап алған.

Медеу аудандық полиция қызметкерлері ер адамның кім екенін анықтап, оны ұстады.

Тексеру барысында құқықбұзушының оқиғадан бір күн бұрын Қазақстанға келген шетелдік турист екені белгілі болды.

Сот қандай шешім шығарды?

Істі қараған сот ер адамға 15 тәулік әкімшілік қамауға алу жазасын тағайындады.

Алайда шетелдік туристке қатысты шаралар мұнымен шектелмеуі мүмкін.

Полиция оның Қазақстан аумағында одан әрі қалу-қалмауы туралы мәселені шешу үшін сотқа қосымша материалдар жолдады.

Полиция департаменті заң алдында азаматтығына қарамастан барлығы тең екенін атап өтті. Сондай-ақ, өзге адамдардың құқығын бұзған кез келген әрекет заң аясында қаралып, тиісті құқықтық баға берілетінін ескертті.