Мемлекеттік ту көтеру рәсімінен мерекелік концертке дейін: Шымкент Республика күнін қалай атап өтті

Ulysmedia.kz коллажы

Республика күні Шымкентте Мемлекеттік туды салтанатты түрде көтеру рәсімінен басталды. Қазақстан тәуелсіздігінің басты нышандарының бірі мемлекеттік әнұранның сүйемелдеуімен қала аспанында желбіреді.

Салтанатты рәсім «Шымсити» саябағында өтті. Бірнеше жыл бұрын дәл осы жерде еліміздегі ең биік ту тұғырларының бірі орнатылған. Оның биіктігі 100 метрге жетеді. Тұғырдың төбесінде тәуелсіз Қазақстанның алып туы желбіреп тұр.

Мерекелік рәсімге мегаполис әкімі Ғабит Сыздықбеков, қоғам өкілдері мен қала тұрғындары қатысты. Мемлекеттік әнұран шырқалған сәтте ту салтанатты түрде көтерілді. Іс-шараға жиналғандар Қазақстанның жалауларын ұстап, саябақта жанды дәліз құрды. Ұлттық рәміздер, патриоттық әндер мен мерекелік бағдарлама қалада бірлік пен ынтымақтың ерекше атмосферасын қалыптастырды.

Қазақстан үшін 25 қазанның тарихи маңызы зор. Дәл осы күні 1990 жылы Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл құжат елдің болашақ тәуелсіздігінің саяси-құқықтық негізін қалады.

Арада 36 жыл өткенде Республика күні Қазақстанның жүріп өткен жолын еске салып, жетістіктерін бағамдауға мүмкіндік береді. Соңғы жылдары айтарлықтай өзгерген Шымкент үшін де бұл мерекенің маңызы ерекше. Ол қаланың жетістіктерін саралап, тұрғындардың өздері шаһардың болашағын қалай елестететінін талқылауға себеп болды.

Түрлі түске боялған аспан мен мерекелік көңіл күй

Мерекелік бағдарламаның жарқын оқиғаларының бірі батпырауықтар фестивалі болды. Сол күні ашық аспан астындағы мерекеге ауа райы да қолайлы болды. Түрлі пішін мен көлемдегі ондаған батпырауық бір мезетте көкке көтеріліп, ерекше көрініс қалыптастырды.

Әсіресе балалы отбасылардың қарасы көп болды. Балалар батпырауықтарын аспанға ұшырып, қуанышқа бөленді.

Қаланы оның тұрғындары көркейтеді

Шымкентте мерекелік іс-шаралар Республика күнінің қарсаңында басталды. «Қызғалдақ» сарайында өткен салтанатты жиында қала мен елдің дамуына үлес қосқан азаматтарға мемлекеттік наградалар табысталды.

Марапат иелерінің қатарында білім, медицина, ғылым, мәдениет және басқа да маңызды салаларда ұзақ жыл еңбек еткен түрлі мамандық өкілдері болды.

Қала тұрғындарын ұлттық мерекемен құттықтаған Шымкент әкімі Ғабит Сыздықбеков шаһардың басты байлығы оның тұрғындары екенін атап өтті. Оның айтуынша, әрбір жетістіктің артында мыңдаған адамның күнделікті еңбегі, кәсібилігі мен жауапкершілігі тұр.

– Тәуелсіздік – халқымыз үшін ең қастерлі құндылық. Оны сақтау, нығайту және келер ұрпаққа аманат ету – баршамыздың ортақ міндетіміз. Шымкент өзінің экономикалық әлеуеті мен тұрғындарының еңбекқорлығының арқасында қарқынды дамып келеді. Қалада халықтың өмір сүру сапасын арттыруға, инфрақұрылымды жаңғыртуға, әлеуметтік мүмкіндіктерді кеңейтуге және жайлы қалалық орта қалыптастыруға бағытталған ауқымды жобалар жүзеге асырылып жатыр. Қаламыздың әрбір жетістігі – тұрғындардың күнделікті еңбегінің нәтижесі. Бұл – мұғалімдердің, дәрігерлердің, түрлі сала қызметкерлерінің, кәсіпкерлердің, шығармашылық мамандық иелерінің және Шымкенттің дамуына үлес қосып жүрген барша азаматтың еңбегі. Біздің ортақ мақсатымыз – экономикасы қуатты, кәсіпкерлігі дамыған, рухани құндылықтары биік әрі әр адамға кең мүмкіндік беретін қоғам құру. Ол үшін ортақ жауапкершілік, заңға құрмет, өзара түсіністік және әр азаматтың ел өміріне белсенді араласуы қажет, – деді Шымкент әкімі Ғабит Сыздықбеков.

Шымкент қалай өзгеріп келеді?

Соңғы жылдары Шымкентте ауқымды өзгерістер болып жатыр. Қала аумағы ғана кеңейіп қоймай, оның келбеті де жаңарып келеді. Жаңа тұрғын алаптары мен аудандар бой көтеріп, жолдар, ауруханалар, мектептер және қоғамдық кеңістіктер пайда болуда.

Әсіресе соңғы бір жылда бұл өзгерістер айқын байқалды. Мегаполистің әр бөлігінде жаңа демалыс орындары, аллеялар, скверлер мен абаттандырылған аумақтар ашылды. Көгалдандыруға да баса назар аударылып отыр.

Қазақстандықтардан Шымкентті немен байланыстыратынын сұрасаңыз, көбіне жылы ауа райы мен жасыл желекке бай қала екенін айтады. Қазір шаһар еліміздегі ең жасыл мегаполистердің бірі ретіндегі беделін нығайтуға ұмтылып келеді.

Көшелерге ағаштар мен сәндік өсімдіктер отырғызылып, гүлзарлар абаттандырылып, саябақтар жаңартылуда. Бұрын демалысқа пайдаланылмаған аумақтар тұрғындар серуендеп, спортпен шұғылданып, отбасымен уақыт өткізе алатын қоғамдық кеңістіктерге айналып жатыр.

Өзгерістер қаланың орталығымен ғана шектелмейді. Мыңдаған шымкенттік тұратын шалғайдағы тұрғын алаптарында да жаңа нысандар салынып, жаңа аудандар бой көтеріп келеді.

Сонымен қатар абаттандыру – халқы жыл сайын көбейіп келе жатқан қаланы дамытудың бір бағыты ғана. Басты міндеттердің қатарында сапалы білім мен медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру да бар.

Тұрғын үй құрылысына да ерекше көңіл бөлінуде. Шымкентте көпқабатты үйлер мен тұрғын үй кешендері қарқынды салынып жатыр. Қала жыл сайын кеңейіп келеді. Мұнда баспанаға сұраныс қашан да жоғары болған. Ал шаһардың белсенді дамуына байланысты оған Қазақстанның өзге өңірлерінен ғана емес, басқа елдерден де қоныс аударғысы келетіндер көбейіп отыр.

Сонымен қатар баспана кезегінде тұрған азаматтарды тұрғын үймен қамту жұмыстары жалғасуда. Олардың қатарында көпбалалы отбасылар, әлеуметтік осал санаттағы азаматтар және тұрғын үй жағдайын жақсартуды қажет ететін басқа да тұрғындар бар.

Қала әкімдігінің мәліметінше, 2026 жылы тұрғын үй кезегінде тұрған 7 386 адамға баспана беру жоспарланған. Оның ішінде 2 818 пәтер жалдамалы тұрғын үй ретінде, ал тағы 4 568 пәтер кредиттік тетіктер арқылы ұсынылмақ.

Бұл сандардың артында баспана кезегін жылдар бойы күткен мыңдаған адам тұр. Олар үшін жеке шаңыраққа қол жеткізу өмірдің жаңа кезеңіне жол ашуы мүмкін.

Алайда мегаполистегі өзгерістерді тек салынған нысандардың санымен бағалау жеткіліксіз. Ең маңыздысы – сол жобалардың қала тұрғындарының өмірін қаншалықты жақсартатыны.

Осыны анықтау үшін Ulysmedia.kz тілшісі Шымкент тұрғындарымен сөйлесіп, олардың кейінгі жылдардағы өзгерістерге қатысты пікірін білді.

– Шымкент өмір сүруге өте қолайлы қалаға айналып келеді. Қаншама саябақ пен жасыл аймақ пайда болды. Қалада жүрсеңіз, айналада ағаштар, гүлдер, әдемі аллеялар көп. Биыл Жапон бағы мен Сити-парк ашылды. Осындай орындардың халық үшін жасалып жатқаны қуантады. Баламен серуендеуге, отбасымен қыдыруға немесе жұмыстан кейін кешкісін демалуға болады. Қала айтарлықтай өзгеріп келеді, бұл қуантады, – деді қала тұрғыны.

– Кейінгі жылдары Шымкентте жол инфрақұрылымы белсенді дамып жатыр. Жаңа жол айрықтары салынып, жолдар кеңейтілуде. Оның үстіне, жұмыстар біршама жылдам жүріп жатыр. Бұрын кей жерлерде көлік кептелісінде ұзақ тұратынбыз, қазір қала ішінде қатынау ыңғайлырақ болды. Әрине, көлік саны да көбейіп келеді. Дегенмен қаланың дамып, заман талабына сай өзгеруге ұмтылғаны жақсы, – деді тағы бір тұрғын.

Мыңдаған тұрғын мен эстрада жұлдыздары

Шымкенттегі Республика күні мерекесінің шарықтау шегі «Астана» алаңында өткен ауқымды гала-концерт болды. Мегаполистің мыңдаған тұрғыны мен қонағы ұлттық мерекені атап өтіп, танымал қазақстандық өнерпаздардың өнерін тамашалау үшін ашық аспан астына жиналды.

Қала тұрғындары сүйікті әншілеріне қосылып ән айтып, би билеп, өнер көрсетілімдерін телефонға түсіріп, кешті отбасы мен достарының ортасында өткізді.

– Шымкент – біздің сүйікті қаламыз. Барша тұрғынды мерекемен құттықтаймын! Бүгін керемет концерт өтіп жатыр, өнерпаздар да тамаша, көңіл күйіміз көтеріңкі. Қаламыздың өркендеп, одан әрі көркейіп, өмір сүруге қолайлы бола түскенін тілеймін. Балаларымыз бақытты әрі берекелі қалада өссе екен, – деді қала тұрғыны.

– Шымкенттің барлық тұрғыны мен қонағын Республика күнімен құттықтаймын! Аспанымыз әрдайым ашық, әр отбасында бақыт пен береке болсын. Бүгін баршаның бірге қуанып, демалып жүргенін көру өте жағымды. Қаламыз дами берсін, жаңа саябақтар, әдемі орындар мен тұрғындарға арналған мүмкіндіктер көбейе берсін, – деп тілек білдірді тағы бір қала тұрғыны.

Қаланың басты концерт алаңында көпшілікке танымал әндер шырқалды. Сахнада Жұбаныш Жексенұлы, Jazz Dauren, Нұржан Керменбаев, Дастан Оразбеков, Мәдина Сәдуақасова және «Жошы» этноансамблі өнер көрсетті.

Жалпы, Шымкентте Республика күніне орай мәдени, спорттық және қоғамдық бағыттағы 40-тан астам іс-шара өтті.