Елімізде коронавирус пен тұмау жұқтырғандар көбейіп жатыр

Ulysmedia

Денсаулық сақтау вице-министрі - бас мемлекеттік санитар дәрігер Айжан Есмағамбетова Қазақстанда коронавирус пен ЖРВИ-мен ауыратындар саны өскенін айтты, деп хабарлады тілші Ulysmedia.kz.

Ашық дереккөз

Бас мемлекеттік санитар дәрігер Айжан Есмағамбетованың сөзінше, кейінгі екі аптада Қазақстанның барлық өңірінде коронавирус инфекциясын жұқтырғандардың саны өскені байқалады.

"Кейінгі аптада коронавирус 15% өсті. Бұл ретте, барлық өңір "жасыл" аймақта тұрса да, біз инфекцияның таралуын сипаттайтын R көрсеткіші 14 өңірде: Алматы, Астана, Шымкент қалаларында, Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Атырау облыстарында, Абай, ШҚО, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан облыстарында біреуден артық екенін байқап отырмыз", – деді Айжан Есмағамбетова.

Ол сонымен бірге коронавирус инфекциясымен бірге жедел респираторлық вирустық инфекциялар мен тұмаудың эпидемиологиялық маусымы жалғасып жатқанын айтты. Эпидемиологиялық маусымның басынан, 2022 жылғы 1 қазаннан бастап ЖРВИ-нің 3 млн 400-ден астам жағдайы және тұмаудың 3 мыңнан астам жағдайы тіркелді.

"Біз ЖРВИ мен тұмау бойынша жағдайды алдыңғы эпидемиологиялық маусымның ұқсас кезеңімен салыстырсақ, онда біз аурудың 30% өскенін көреміз", – деп атап өтті министрлік өкілі.