«КСРО-да өмір сүріп жатқан жоқпыз»: Сәбина Алтынбекова шымкенттік бапкердің әрекетін сынады

Ulysmedia коллажы

Қазақстандық танымал волейболшы Сәбина Алтынбекова Павлодарда жарыс кезінде бапкердің кәмелетке толмаған спортшыны ұрған оқиғасына қатысты пікір білдірді. Ол зорлық-зомбылыққа негізделген тәрбие әдістерін сынап, бапкерлерді даярлау жүйесін қайта қарауға үндеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мінезді бұлай шыңдамайды

Жақында интернетте Шымкенттен барған бапкер Хамит Мырзабековтің өз шәкіртінің басынан ұрған сәті түсірілген видео тарады. Оқиға Павлодарда өткен турнир кезінде болған.

Сәбина Алтынбекова Мырзабековтің әрекетін сынға алды.

– Психологиялық қысым көрсетіп, қол көтеретін бапкерлер бар кезде біз қалай дені сау, саналы ұрпақ тәрбиелейміз? Біз спортта күш қолдануды қолдап, мұны мінез шыңдаудың жолы деп санаған Кеңес Одағында өмір сүріп жатқан жоқпыз. Мен зорлық-зомбылыққа да, спортшының құқығын таптауға да, буллингке де қарсымын. Әсіресе, жәбірленуші бала немесе қыз болса! – деп жазды ол.

Спортшының пікірінше, бұл оқиғаны бір адамның әрекетімен ғана шектеуге болмайды. Ол спорт ұйымдары мамандарды іріктеуге және балалар жаттығатын ортаға мұқият қарауы керек деп есептейді.

– Физикалық зорлық-зомбылыққа да, психологиялық қысымға да жол берілмеуі керек. Бапкерлерді мұқият тексеріп, олардың мінез-құлқы мен жұмыс істеу әдістеріне де баға беру қажет. Өкінішке қарай, волейболда кейбір бапкерлердің қарапайым әдеп мәдениеті жоқ. Меніңше, федерация әр бапкерді мұқият тексеруі керек. Көптеген командада дәрігер жоқ, психолог туралы айтпай-ақ қояйық. Бұл оқиға бүкіл жүйені қайта қарау қажет екенін анық көрсетті! – деді волейболшы.

Контекст

Павлодарда Шымкенттен келген бапкер жарыс кезінде жас волейболшыны ұрды. Оқиға видеоға түсіп қалған. Полиция тергеуді бастады.

Оқиға 2009 жылы туған және одан кіші қыздар арасындағы Қазақстан чемпионатының екінші туры кезінде болған. Жарысқа Шымкенттегі жекеменшік клубтың командасы қатысқан.

Интернетте тараған видеодан бапкер Хамит Мырзабековтің шәкіртін өзіне шақырғаны көруге болады. Қыз жанына келгенде, ер адам оның басынан ұрған.

Шымкент дене шынықтыру және спорт басқармасының мәліметінше, Мырзабеков жекеменшік клубта шамамен алты-жеті ай жұмыс істеген. Қазір ол қызметінен босатылды. Қазақстанның Ұлттық волейбол федерациясы да бапкерді жарыстардан шеттету туралы шешім қабылдады.

Полиция тергеуді бастады

Павлодар облысының полиция департаменті сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады.

– Оқиғаға қатысушылардың барлығы анықталып, полиция бөліміне жеткізілді. Қазір тергеу жүріп жатыр, – деді ведомство өкілдері.

Құқық қорғау органдары оқиғаның мән-жайын анықтап, бапкердің әрекетіне құқықтық баға бермек. Іс департамент басшылығының бақылауында.