Тоқаев Ұлттық қордан 6,5 трлн теңге бөлінетінін айтты

Ақорда

Қазақстанда 2029 жылдың соңына дейін әлеуметтік, көлік және инженерлік инфрақұрылымды дамытуға Ұлттық қордан шамамен 6,5 трлн теңге бөлінеді. Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Толығырақ

Мемлекет басшысының айтуынша, Үкімет бұрын-соңды болмаған инфрақұрылымдық жаңғыру жоспарын әзірлейді. Оның аясында елдің барлық өңірінде әлеуметтік маңызы бар нысандар салынып, қолданыстағы инфрақұрылым жаңартылады.

– Бұл ауқымды жұмысты іске асыру үшін 2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан шамамен 6,5 триллион теңге бөлінеді. Биыл және 2027 жылдың алғашқы екі айы ішінде әлеуметтік жобаларды іске қосу үшін 1,5 триллион теңге көлемінде қаражат қарастыру қажет, – деді Тоқаев.

Президент Ұлттық қордың қаражатын тиімді пайдаланып, оны қазіргі және келешек ұрпақтың игілігіне жұмсау керектігін атап өтті. Оның сөзінше, бөлінген қаржының экономикалық және әлеуметтік қайтарымы болуы шарт.

Қандай нысандар салынады

Тоқаевтың айтуынша, бірінші кезекте өңірлерде 70-ке жуық денсаулық сақтау нысаны бой көтереді. Олардың қатарында перзентханалар, ауруханалар, жедел медициналық көмек станциялары, балаларға арналған оңалту орталықтары және ерекше балаларға арналған спорт залдары бар.

Сонымен қатар 50-ге жуық білім беру, спорт және мәдениет мекемесінің құрылысы басталады.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамытуға да қомақты қаржы бөлінеді. Көптеген елді мекенге газ және таза ауыз су жеткізу жоспарланып отыр.

Үкімет жыл соңына дейін нақты жобалардың бастапқы тізімін әзірлеп, оған еліміздің барлық өңірін енгізуге тиіс.

Бағдарлама "Халықтық құрылыс" деп аталады

Тоқаев инфрақұрылымды дамытуға бағытталған ауқымды бастамаға "Халықтық құрылыс" деген атау беруді ұсынды.

Президенттің пікірінше, бұл жоба азаматтардың әл-ауқатын арттырып, кәсіпкерліктің дамуына және ұлттық экономиканың жандануына ықпал етеді.

– "Халықтық құрылыс" бағдарламасы азаматтардың әл-ауқатын арттыратын, кәсіпкерліктің өркендеуіне, дамуына, ұлттық экономиканы жандандыруға зор ықпал ететін төл тарихымыздағы ең үлкен инфрақұрылымдық жоба болмақ, – деді мемлекет басшысы.

Оның айтуынша, бастама жүз мыңдаған адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.

Қазақстан экономикасы туралы не айтты

Тоқаев Халықаралық валюта қорының болжамына сүйеніп, биыл Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 400 млрд долларға жуықтайтынын мәлімдеді. Жан басына шаққандағы көрсеткіш 19 мың доллардан асады.

Президенттің сөзінше, экономика көлемі бойынша Қазақстан әлемде 47-орынға көтеріледі. Ал өңдеу өнеркәсібінің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 14%-дан асқан.

Бұған қоса, елдің алтын-валюта резерві мен Ұлттық қор активтерінің жалпы көлемі 130 млрд доллардан асқан.

Мемлекет басшысы осы әлеуетті елдің инфрақұрылымын жаңғыртуға және өңірлерді дамытуға бағыттау қажет екенін атап өтті.