Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы республикалық және жергілікті жолдардың сапасына Үкімет жауап беруі керек екенін мәлімдеді. Ол жол сапасына қатысты битум мен қиыршық тасты сылтау етуге болмайтынын айтып, көлік инфрақұрылымын дамыту жөнінде бірқатар тапсырма берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Толығырақ
Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында логистика мен транзиттік әлеуетті дамыту мәселесіне тоқталды.
– Біздің алдымызда аса маңызды міндет тұр. Барлық автомобиль жолын, яғни республикалық және жергілікті жолдарды сапалы салу керек. [...] Сондықтан республикалық жолдар болсын, әкімдіктердің қарамағындағы жергілікті жолдар болсын, барлығына Көлік министрлігі арқылы Үкімет жауап беруі керек. Қайталап айтамын: бізге өте сапалы жолдар қажет. Битумның, қиыршық тастың сапасын сылтау етуге болмайды, – деді Тоқаев.
Президенттің айтуынша, сапалы жолдар мен заманауи жол бойы инфрақұрылымынсыз Қазақстан жаһандық транзиттік дәліз немесе Еуразияның көлік-логистика орталығы мәртебесіне үміткер бола алмайды.
«Көкшетау – Петропавл» тас жолы кеңейтіледі
Мемлекет басшысы солтүстік өңірлердегі жол инфрақұрылымын жақсарту қажет екенін атап өтті. Осыған байланысты Үкіметке «Көкшетау – Петропавл» тас жолын кеңейтуге кірісуді тапсырды.
Сонымен қатар келесі жылы барлық автомобиль өткізу бекетін сапалы қайта жаңғырту жұмыстары аяқталуға тиіс.
Тоқаев шекарадағы өткізу бекеттерінде көліктердің бірнеше шақырымға созылған кезегі Қазақстанның транзиттік көшбасшы болуына кедергі келтіретінін айтты.
Қазақстан Қытай мен Еуропа арасындағы жүк тасымалын арттырмақ
Президенттің сөзінше, қазір Қытайдан Еуропаға бағытталған жүк тасымалының шамамен 85%-ы Қазақстан аумағы арқылы өтеді. Алайда ел осы көрсеткішпен шектелмей, халықаралық жүк ағындарын ұйымдастыратын негізгі орталыққа айналуы керек.
Келесі жылы «Бақты – Аягөз» теміржол желісі іске қосылады. Жаңа бағыт Қытаймен арадағы жүк өткізу мүмкіндігін 20 млн тоннаға арттырады.
Бұған қоса, биыл тамызда «Арал – Каспий» күре жолының құрылысы басталған. Жоба Транскаспий дәлізінің ұзындығын шамамен 1 мың шақырымға қысқартып, жүк жеткізу мерзімін үш күнге дейін азайтуға мүмкіндік береді.
Тоқаев отандық логистика операторларын дамытуға, жүк жинақтау және тарату орталықтарын құруға, көлік тораптарының маңында жаңа өндіріс орындары мен сауда алаңдарын ашуға басымдық беруді тапсырды.
Астанада жаңа әуежай салынады
Президент келесі жылы әлемдегі ірі компаниялардың бірін тарта отырып, Астанада жаңа әуежай құрылысын бастау жоспарланып отырғанын айтты.
Қазір Қазақстанда бірнеше әуежайдың құрылысы қатар жүріп жатыр. Арқалықтағы әуежайды қалпына келтіру аяқталған. Жақын уақытта Зайсан, Катонқарағай және Кендірлі әуежайлары іске қосылмақ.
Тоқаев Қазақстанның Еуропа мен Азия арасындағы әуе дәліздерін тиімді пайдалануы қажет екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл артықшылық әзірге нақты табысқа толық айналмай отыр.
Мемлекет басшысы жеке «Air Cargo» компаниясының әлеуетіне де тоқталды. Алайда компанияға үлкен үміт артылғанымен, әзірге нақты шешімдер мен нәтижелер жоқ екенін сынға алды.
Көлік саласы толық цифрландырылуға тиіс
Тоқаев көлік саласын, соның ішінде халықаралық бағыттарды толық цифрландыру қажеттігін айтты.
– Жасанды интеллект дәуірінде жаһандық транзит ағындарын қағаз жүкқұжаттар арқылы басқару – ақылға қонымсыз. Бұл – тығырыққа апаратын ең төте жол, – деді президент.
Мемлекет басшысы логистиканы дамыту, жол сапасын жақсарту және шекарадағы өткізу бекеттерін жаңғырту Қазақстанның Еуразиядағы негізгі көлік хабына айналуына тікелей әсер ететінін атап өтті.