Жамбыл облысының тұрғыны Санжар Диярбек араға 21 жыл салып, өзімен бір перзентханада туған үш адамды тапты. Оларды табуға Threads желісіне жариялаған ескі сурет көмектескен. Бұл оқиға әлеуметтік желіде көпшіліктің қызығушылығын тудырып, екі күнде бес миллионға жуық қаралым жинады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Санжар отбасылық альбомды ақтарып отырып, 2005 жылғы қаңтарда түсірілген ескі суретке көзі түседі. Жамбыл облысы Жуалы ауданындағы перзентханада түсірілген фотода төрт нәресте қатар жатыр.
Жігіт сол кезде өзімен бір бөлмеде жатқан сәбилер қазір қайда жүргенін, кім болып өскенін білгісі келеді. Сөйтіп, суретті Threads желісіне жариялап, ондағы балаларды іздеуге көмектесуді сұрайды.
Көп ұзамай Дана есімді бойжеткен хабарласып, суреттен өзін танығанын айтады. Артынша Әнел де табылады. Оның үйінде де сол перзентханада түсірілген фотосуреттер сақталыпты.
Төртінші адамды табуға Әділеттің анасы көмектескен. Ол желідегі жазбаны көріп, суреттегі балалардың бірі өзінің ұлы екенін хабарлаған.
Осылайша, 21 жыл бұрын бір палатада жатқан төрт нәресте табылды.
Желіде басталған таныстық көп ұзамай кездесуге ұласты. Санжар мен Әнел Алматыда бас қосып, бірге кофе ішті. Тіпті осы ерекше кездесуді атап өту үшін арнайы торт та дайындаған.
Ал Тараздағы Дана мен Көкшетаудағы Әділет Алматыға келе алмағандықтан, олармен бейнебайланыс арқылы сөйлескен.
Осылайша, 21 жыл бойы отбасылық альбомда сақталған бір сурет бір-бірін танымайтын төрт жастың танысуына себеп болды.
Еске салайық, бұған дейін де Threads желісінде жұрттың назарын аударған хабарландыру тараған еді. Желі қолданушыларының бірі enbek.kz сайтынан мектепке тарих пәнінің мұғалімі қажет екені туралы хабарландыруды байқап қалған. Алайда онда Қазақстан тарихынан емес, Ресей тарихынан сабақ беретін мұғалім ізделетіні жазылған.