Қазақстанда автокөліктерге қатысты ірі алаяқтық дерегі тергеліп жатыр. Қылмыстық топ көліктерді шетелге шығарып, құжаттарын рәсімдеу үшін жалған адамдарды пайдаланған. Күдіктілерді елдің бірнеше өңірінен іздестірген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мән-жай
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, қылмыстық топ мүшелері автокөліктерді банктер мен микроқаржы ұйымдарына кепілге қойған. Ол үшін өзге адамдардың аты-жөнін пайдаланған. Кейін көліктерді қайта сату мақсатында шетелге жөнелткен.
Алдын ала мәлімет бойынша, осындай жолмен елден 56 автокөлік шығарылған.
Алты адам уақытша ұстау изоляторына қамалды
Жедел іс-шаралар Қазақстанның бірден он өңірінде қатар өткен. Полицияға 48 адам жеткізілді. Қылмысты ұйымдастырды деген күдікке ілінген алты адам уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Дәйексөз
– Қазір істің барлық мән-жайы анықталып, шетелге шығарылған автокөліктерді іздестіру шаралары қолға алынды. Тергеу ІІМ бақылауында, – деп хабарлады ведомство.
ІІМ келтірілген шығын көлемін жарияламады.
Контекст
Еске салайық, бұған дейін ҰҚК Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметінің қызметкерлері «Еңбек» РМК бас директоры Ермек Шұрманов пен азық-түлік басқармасының басшысы Фуркат Құдайбергеновті ұстағанын хабарлаған едік.