15 қарашадан бастап Қазақстанда Ақтөбе – Қандыағаш тасжолының бір бөлігімен жүру ақылы болды. Жаңа тәртіп жеңіл көліктерге де, автобустар мен жүк көліктеріне де қатысты. Дегенмен жолдың кейбір бөліктерінде жеңіл көліктер бұрынғыдай тегін жүре алады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының мәліметінше, Ақтөбе – Қандыағаш республикалық тасжолының 89-шақырымы ақылы жолдар қатарына қосылды. Бұл бөлік бұрыннан ақылы Қандыағаш – Мақат тасжолына біріктірілді. Осылайша ақылы жолдың жалпы ұзындығы 469,5 шақырымға жетті.
Алайда жеңіл көлік жүргізушілері жолдың барлық бөлігінде ақы төлемейді.
«ҚазАвтоЖол» түсіндіргендей, тасжолдың 11-шақырымынан 87,2-шақырымына дейінгі аралық барлық көлік үшін ақылы. Ал қалған бөліктерінде тек автобустар мен жүк көліктерінен ақы алынады. Жеңіл көліктер ол жерлермен тегін жүре алады.
Жолақы көліктің түріне және ақшаның қашан төленетініне байланысты.
Жеңіл көлікпен ақылы бөлікті бір бағытта толық жүріп өту үшін алдын ала төлеген жағдайда шамамен 240 теңге жұмсалады.
Ал сапар аяқталғаннан кейін төлесе, жолақы шамамен 276 теңге болады.
Жаңа ақылы жол бойына 10 арнайы бақылау құрылғысы орнатылған. Олар өтіп бара жатқан көліктердің мемлекеттік нөмірлерін автомат түрде танып, жолақыны есептейді.
Сондықтан жүргізушілерге ақы төлеу үшін әр бақылау құрылғысының тұсына тоқтаудың қажеті жоқ.