«Неге мені ешкім құтқармады?»: Зікірші Исматулланың қарындасы балалық шағында көрген қорлығы туралы айтты

Ulysmedia.kz коллажы

Зікіршілер жамағатының жетекшісі ретінде танылған Исматулла Мақсұмның туысы Хауа Ақсой балалық шағында бастан өткерген ауыр оқиғалары мен қазіргі өмірі туралы ашық айтты. Ол 16 жасында өз еркінен тыс тұрмысқа берілгенін, отбасылық өмірінде зорлық-зомбылыққа тап болғанын және өз өмірін өзгерту үшін күрескенін мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

«Неге мені ешкім құтқармады?»

Хауа Ақсой Instagram-парақшасында балалық шағындағы суреттерін жариялап, өткен өмірін еске алды. Оның айтуынша, бала күнінде өз болашағын таңдауға мүмкіндігі болмаған.

«Менің де балалық шағым болуы керек еді. Мен де ойнауға, еркелеуге, әдемі көйлек киюге, әкемнің құшағында өсуге лайық едім. Бірақ өмір маған басқа тағдыр дайындапты», – деп жазды ол.

Хауа Исматулла Мақсұммен туыстық байланысы бар екенін де жасырмады.

«Қазір Қазақстанда атышулы Исматулланың айналасында үлкен дау болып жатыр. Осыған байланысты менің де айтар сөзім бар. Оқырмандарым: «Хауа, осы шал сенің ағаң ба?» деп сұрап жатыр. Иә, осы Исматулла – менің әкемнің өгей ағасы», – деді ол.

Әйелдің сөзінше, әкесі ерте қайтыс болған. Ал 16 жасында Исматулла оны өз жамағатындағы ер адамдардың біріне күштеп тұрмысқа берген.

«Мен ол кезде әлі бала едім ғой. Ол адамды жақсы көрген жоқпын, өзім таңдаған жоқпын. Менің қалауымды ешкім сұрамады», – деп жазды Хауа.

Ол сол ортада әйелдердің пікірі мен қалауы ескерілмегенін, ер адамдарға сөзсіз бағыну талап етілгенін айтады. Сондай-ақ, отбасылық өмірінде талай рет соққы жегенін мәлімдеді. Хауаның айтуынша, көрген қорлығы жан дүниесіне ауыр тиіп, бір кездері өзіне қол жұмсауға да әрекеттенген.

«Балалы болдым. Баламмен бірге өзім де өстім десем болады», – деп еске алды ол.

Ақыры әйел ажырасуға бел буған. Алайда оның сөзінше, ажырасқаннан кейін де қиындықтары аяқталмаған.

«Мен әлі бала едім. Бірақ менің орныма үлкендер шешім қабылдады. Менің болашағымды, кіммен өмір сүретінімді, тіпті қандай өмір сүруім керегін де өздері шешті. Менен ешкім не қалайтынымды сұрамады», – деп жазды Хауа.

Ол балалық шағынан бері көкейінде бір сұрақ қалғанын жеткізді.

«Бүгін мен – өз өмірімнің иесімін»

Хауа Ақсой кейін өз өмірін өзгертуге бел буғанын айтады. Ол білім алып, университет бітіріп, өз бетінше өмір сүруді үйренген.

«Бір күні мен басқа өмірдің де бар екенін түсіндім. Қыздардың білім алатынын, армандайтынын, өздері қалаған өмірді таңдай алатынын көрдім. Менің де солай өмір сүргім келді», – деп жазды ол.

Қазір Хауа АҚШ-та тұрады. Өзінің айтуынша, отбасы, балалары және жеке кәсібі бар.

«Бүгін мен Америкада тұрамын. Отбасым бар. Өз кәсібім бар. Өзім қалаған өмірді сүріп жүрмін. Бірақ осы күнге жету үшін қандай жолдан өткенімді көп адам білмейді», – деді келіншек.

Ол өткен өміріндегі оқиғаларды кітап етіп жазуды да жоспарлап отыр.

Сонымен қатар, бұрынғы ортасынан қорлық немесе қоқан-лоқы көрсе, үнсіз қалмайтынын, заң аясында өз құқығын қорғайтынын айтты.

«Мен өткен өміріммен емес, болашағыммен өмір сүргім келеді», – деп түйіндеді Хауа Ақсой.

Исматулла Мақсұм кім және оған қатысты қандай дау шықты?

Исматулла Мақсұм – шын есімі Исматулла Әбдіғаппар, Қазақстанда зікіршілер жамағатының жетекшісі ретінде танылған діни тұлға.

Видеодан алынған сурет

Ол 2000 жылдары сопылық бағыттағы діни қауымдастықты басқарған. Бұл топтың мүшелері ұжым болып зікір салу дәстүрін ұстанған.

2011 жылы Исматулла Әбдіғаппар экстремизм, ұйымдасқан қылмыстық топ құру және заңсыз медициналық қызмет көрсетуге қатысты іс бойынша 14 жылға бас бостандығынан айырылған.

2026 жылғы қазанда оның есімі қоғам назарын қайта аударды. Бұған бұрынғы шәкірттерінің жабық медреседе кәмелетке толмаған балалардың зорланғаны туралы мәлімдемелері себеп болды.

Бұрынғы шәкірттердің бірі Ақылбек Жұмабеков журналист Жанар Байсемізге берген сұхбатында жамағат ішінде жасөспірімдерге қатысты осындай жағдайлар болғанын айтқан.

Оның сөзінше, бұл жайттарды жамағаттағы адамдар білгенімен, ашық айтуға қорыққан.

Осы мәлімдемелерден кейін Ішкі істер министрлігі соталды тергеу басталғанын растады.

«Жарияланымдағы деректерге қатысты соталды тергеу басталды. Оның аясында барлық мән-жайлар тексерілетін болады. ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жариялауға жатпайды», – деп хабарлады министрлік.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да бұл оқиғаға қатысты пікір білдіріп, Исматулла Мақсұм мен оның жақтастарының діни басқармаға қатысы жоқ екенін мәлімдеді.

Қазір бұрынғы шәкірттер айтқан деректердің қаншалық рас екені тергеу барысында анықталып жатыр. Жаңа айыптаулар бойынша сот үкімі шыққаны туралы мәлімет жоқ.

Ал Хауа Ақсойдың балалық шағында көрген қорлығы туралы айтқандары оның әлеуметтік желідегі жеке мәлімдемелеріне негізделген. Бұл жайттарға қатысты Исматулла Мақсұмның жауабы әзірге белгісіз.

Сізге қызық болуы мүмкін