Астанада жолаушыға тіл тигізген такси жүргізушісі бес тәулікке қамалды

pixabay

Астанада жүкке бола шу шығарған такси жүргізушісі бес тәулікке қамалды. Жолаушы заттарын көліктің жүксалғышына салмағанына ашуланған жүргізуші балағат сөздер айтып, видео түсірген. Кейін оны әлеуметтік желіге жариялаған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Оқиға «Нұрлы жол» теміржол вокзалының автотұрағында болған.

Такси жүргізушісі заттарын көліктің жүксалғышына салмағанын жолаушыға наразылық білдірген. Ол болған жағдайды видеоға түсіріп, жұртқа айтып бермек болған. Алайда ашуға булыққан ер адам бейнежазбада бейәдеп сөздер айтқан.

Видео әлеуметтік желіге тарап, Астана полициясының назарына іліккен.

Оқиға немен аяқталды?

Полиция бейнежазбадағы жүргізушінің кім екенін анықтады. Ол Ақтөбе облысының тумасы, 35 жастағы ер адам болып шықты.

Тәртіп сақшылары оған қатысты ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік хаттама толтырды.

Істі қараған сот такси жүргізушісін бес тәулікке әкімшілік қамауға алу туралы шешім шығарды.

Полиция қоғамдық орындарда бейәдеп сөздер айтқандардың әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін екенін ескертті.

Сізге қызық болуы мүмкін