Қазақстандық киберспортшы Counter-Strike 2 ойынынан қатарынан үшінші ірі турнирде жеңіске жетті

Instagram

Қазақстандық 21 жастағы киберспортшы Данил Голубенко әлемдік Counter-Strike 2 жарыстарында топ жарып жүр. molodoy лақап атымен танымал ойыншы өнер көрсететін FURIA командасы BLAST Rivals Season 2 турнирінің финалында ресейлік Team Spirit командасын ойсырата жеңіп, чемпион атанды. Бұл – қазақстандық ойыншының қатарынан үшінші ірі жеңісі, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Шешуші кездесу 15 қарашада Гонконгте өтті. FURIA қарсыласына бірде-бір картада жеңіс бермей, финалды 3:0 есебімен аяқтады.

Ең тартысты ойын алғашқы Ancient картасында болды. Бірінші кезең 6:6 есебімен тең аяқталғанымен, кейін FURIA басымдыққа ие болып, 13:11 есебімен жеңіске жетті.

Dust2 картасында бразилиялық команданың басымдығы айқын байқалды. FURIA қарсыласын 13:5 есебімен ұтты.

Соңғы Mirage картасында да қазақстандық ойыншының командасы 13:8 есебімен жеңіске жетіп, чемпиондық атақты иеленді.

Бірінші орын үшін FURIA клубқа тиесілі үлесті қоса есептегенде 250 мың доллар сыйақы алды.

Семейдегі компьютер клубтарынан әлемдік аренаға дейінгі жол

Данил Голубенко 2005 жылы 10 қаңтарда Семей қаласында дүниеге келген. Бала кезінде футбол және каратэмен айналысқан. Кейін компьютер ойындарына қызығушылығы артып, бос уақытының көбін осы салаға арнай бастаған.

Болашақ чемпион компьютер клубтарына жиі барып, ойын шеберлігін өз бетінше шыңдаған.

Мектеп бітірген соң Данил университетке түсудің орнына кәсіби киберспортты таңдаған. Алғашында ата-анасы оның шешімін қолдамағанымен, кейін баласының таңдауын қабылдаған.

2024 жылы кәсіби мансабын бастаған Голубенко бірнеше командада, соның ішінде AMKAL сапында өнер көрсетті. Ал 2025 жылдың сәуірінде Бразилияның FURIA командасына қосылды.

Қазақстандық ойыншы жаңа командасында аз уақыт ішінде негізгі ойыншылардың біріне айналды. Ол мерген ретінде ойнайды және батыл шабуылдарымен, шапшаң қимылымен ерекшеленеді.

Голубенконың еншісінде қазірдің өзінде бірнеше беделді турнирдің чемпиондық атағы бар. Олардың қатарында FISSURE Playground #2, Thunderpick World Championship және IEM Chengdu жарыстарындағы жеңістер бар.

2025 жылдың қорытындысы бойынша Данил Голубенко HLTV Awards сыйлығында жылдың үздік жаңа ойыншысы атанып, әлемнің ең мықты киберспортшылары рейтингінде алтыншы орынға ие болды.

Сізге қызық болуы мүмкін