Путин мен Си Цзиньпин Трамппен кездесер алдында не туралы сөйлесті

Кремль

Қытайдың Шэньчжэнь қаласында Владимир Путин мен Си Цзиньпин келіссөз өткізді. Кездесуде сауда-саттық және халықаралық жағдай шиеленіскен тұстағы екі елдің қарым-қатынасы сөз болды. Ертең олардың қатарына АҚШ президенті Дональд Трамп қосылуы мүмкін, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Шэньчжэньде не талқыланды?

18 қарашада Путин мен Си Цзиньпин «Цилинь Шаньчжуан» мемлекеттік резиденциясында кездесті. Ресей президенті екі ел арасындағы тауар айналымы бірнеше жыл қатарынан 200 миллиард доллардан асып келе жатқанын және биыл да өседі деп болжап отырғанын айтты.

Си Цзиньпин ынтымақтастықты одан әрі дамытуға шақырып, әлемдік саясаттағы өзгерістерге қарамастан, Мәскеу мен Бейжің арасындағы қарым-қатынас сақталып отырғанын атап өтті.

Путин де екі елдің өзара іс-қимылы туралы пікір білдірді.

– Ресей мен Қытайдың сыртқы саясаттағы байланысы тұрақты әрі оң бағытта дамып келеді. Күрделі геосаяси жағдайда әділ әрі көпполярлы әлемдік тәртіп қалыптастыру мәселесінде сындарлы ұстанымды ұстанамыз, – деді ол.

Келіссөз Путиннің АТЭС іскерлік саммитінде сөйлеген сөзінен кейін өтті. Сол жиында Ресей президенті санкциялар мен сауда шектеулерін сынға алған еді.

Алда Трамппен кездесу бар

19 қарашада Шэньчжэньде Путин, Си Цзиньпин және Дональд Трамптың кездесуі жоспарланған. Көшбасшылар алғаш рет осындай форматта бас қосады. Олар халықаралық қауіпсіздік пен экономикалық қарым-қатынастарды талқылайды деп күтіледі.

Бұған дейін Кремль келіссөз барысында Украинадағы жағдайды реттеу жөніндегі соңғы дипломатиялық байланыстардың, соның ішінде Абу-Дабидегі кездесулердің нәтижелері сөз болуы мүмкін екенін хабарлаған. Сонымен қатар Путин мен Трамптың жеке кездесуі де жоспарланып отыр.

АТЭС саммиті 18–19 қарашада өтеді. Форумға АҚШ, Қытай және Ресей сияқты Азия-Тынық мұхиты аймағындағы 21 экономика қатысады. Қазақстан АТЭС құрамына кірмейді.

Сізге қызық болуы мүмкін