Астана полиция департаменті эколог-белсенді Лаура Мәлікованың әлеуметтік желідегі жазбаларынан кейін сотқа дейінгі тергеу басталғанын растады. Бұл туралы ведомство Ulysmedia.kz редакциясының ресми сауалына берген жауабында мәлімдеді.
Істің мән-жайы
Редакция Лаура Мәлікованың ұсталғаны туралы ақпарат тарағаннан кейін полицияға ресми сауал жолдады. Журналистер тергеудің Қылмыстық кодекстің қай бабы бойынша жүргізіліп жатқанын, белсендінің қандай процестік мәртебесі барын, сондай-ақ оған қатысты бұлтартпау шарасы немесе өзге де шектеулер қолданылған-қолданылмағанын сұрады.
Астана полиция департаменті Тергеу басқармасы бастығының міндетін атқарушы Қ. Артықов қол қойған жауапта:
– Азаматшаның әлеуметтік желілердегі жазбаларында көрсетілген құқық бұзушылық фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп, істің мән-жайы анықталып жатыр, – делінген.
Ведомство бұдан басқа ақпарат берген жоқ.
Лаура Мәлікованың ұсталғаны туралы не белгілі?
Бұған дейін Ulysmedia.kz Астанада Лаура Мәлікованың ұсталғаны туралы хабарлаған еді. Оған дейін белсенді Instagram парақшасында полиция қызметкерлері оны жалған ақпарат тарату ісі бойынша куәгер ретінде шақырғанын жазған.
Кейін Мәлікованың әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны туралы ақпарат тарады. 3 қарашада оған бейбіт жиналыстар өткізу тәртібі туралы заңнаманы бұзғаны үшін 10 тәулікке әкімшілік қамақ тағайындалды.
Одан кейін, 12 қарашада ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің ұсақ бұзақылыққа қатысты 434-бабы бойынша тағы бес тәулікке қамалғаны хабарланды.